Қазақстан мен Қытай Түркістанда 300 МВт-тық күн электр станциясын салады

Ақтоты Жапатова 03 қыр. 2025 13:35

Қытайдың Бейжің қаласында өткен Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің отырысында еліміздегі ең ірі күн электр станцияларының бірін Түркістан облысында салу туралы келісімге қол қойылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңде China Energy Engineering Group компаниясының бас директоры Ни Чжэнмен кездесіп, ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады. Кездесу барысында электр желілері инфрақұрылымын жаңғырту мен кеңейтуге, дата-орталық салуға, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу арқылы электр қуатын өндіру жобасын жүзеге асыруға қатысты мәселелер қозғалды.

Energy China компаниясы Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын тұрақты электр желілерінің құрылысын жүргізуге, жаңартылатын энергетика жобаларын іске асыруға ниет білдірді.

Келіссөздер нәтижесінде құны шамамен 320 млн АҚШ доллары болатын күн электр станциясы Түркістан облысының Сауран ауданында салынбақ. Жоба 2025–2026 жылдары жүзеге асырылады.

Инвестиция құжаттарына және электр энергиясын сатып алу келісіміне ҚР Энергетика министрлігі мен China Energy Engineering Group компаниясы қол қойды. Келісімге қол қою салтанаты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. Бұл жобаның стратегиялық маңызын айқындай түседі.

Энергетика министрі Ерлан Әккенжанов жаңа күн электр станциясы Қазақстанның оңтүстігіндегі энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге үлес қосатынына тоқталып, «жасыл» энергетиканы дамыту жолындағы маңызды қадам екенін айтып өтті.

Айта кетейік, Fortune Global 500 рейтингіне кіретін халықаралық ірі компания жел, күн және жылу қуатын өндіру, ядролық энергетика, су үнемдеу мен гидроэнергетика салаларында жұмыс істейді.

Күн электр станциясының іске қосылуы еліміздің энергетикалық балансын әртараптандыруға, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға және Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жолындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі орнын бекітуге мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар