Оқу-ағарту министрі қазақстандықтарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады

Ақтоты Жапатова 01 қыр. 2025 10:00

1 қыркүйек – Білім күніне орай Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ұстаздар мен ата-аналарды, оқушыларды құттықтады,- деп хабарлайды Dalanews.kz

«Құрметті әріптестер! Қадірлі ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар! Бүгін Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі білім ордалары өз есігін айқара ашады. Жаңа оқу жылын біз үлкен жоспарлармен, үкілі үмітпен бастап отырмыз. Сіздердің әрқайсыңыз еліміздің болашағы үшін өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Биылғы оқу жылы оқушыларымыз бен ұстаздарымызды жаңа биіктерді бағындыруға шабыттандыратын жетістіктер мен жеңістерге толы болсын деп тілеймін! Білім күні құтты болсын!», – деді министр.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан бойынша мектеп оқушылары жаңа оқу жылын бастады. Елде шамамен 4,1 миллион оқушы бар, олардың шамамен 360 мыңнан астамы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр. Жаңа оқу жылында 83 жаңа мектеп өз есігін айқара ашты, оның ішінде 57 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жоба аясында салынған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар