Freedom Inside '26

Тоқаев Брюссельде жастарға үн қатты: «Қай жерде жүрсеңіз де, қазақ болып қаласыз»

Тоқаев Брюссельде жастарға үн қатты: «Қай жерде жүрсеңіз де, қазақ болып қаласыз»
Aqorda.Kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияға ресми сапармен барып, Брюссельде тұратын қазақстандықтармен кездесті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы Бельгия астанасының әуежайында Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс және басқа да ресми тұлғалардың қатысуымен қарсы алынды. Қазақстан Президентінің құрметіне Құрмет қарауылы сап түзеді.

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияда білім алып, еңбек етіп жүрген отандастарымен жүздесті. Президент жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, оның 1 шілдеден бастап күшіне енетінін атап өтті.

– Жалпыхалықтық референдумда халқымыз бірауыздан, біртұтас қоғам болып Конституциямызды қолдады. Өте керемет құжат, 1 шілдеде күшіне енеді. Ата заңымыз халқымыздың темірқазығы болады. Сондықтан баршаңызды шын жүректен жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы шетелде білім алып, жұмыс істеп жүрген жастарға қолдау білдіріп, олардың қай жерде жүрсе де Қазақстанның өкілі екенін айтты.

– Елімізге сіздер сияқты білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар қажет. Қай жерге барсам да жастарға қолдау білдіріп жүремін. Шын мәнінде, бұл жай айтыла салған сөз емес. Жастарға қолдау көрсету – мемлекеттің ұзақмерзімді саясатының бір бөлігі. Жастарымыз әлемнің әр түкпірінде білім алып, еңбек етуде. Мен Президент ретінде мұны қолдаймын. Себебі қай жерде жүрсеңіз де, қазақ болып қаласыз. Біз озық, дамыған, әділетті ел болуымыз керек. Осындай елдің негізін қалау үшін бәріміз бір ел, бір халық болып атсалысуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жастарды бірнеше шет тілін меңгеруге шақырып, білім, ғылым және инновацияны дамыту жаңа Конституцияда мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалғанын айтты.

Ертең Брюссельдегі Еуропалық кеңес штаб-пәтерінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта және Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздері өтеді. Сапар аясында бірқатар маңызды құжаттарға қол қою жоспарланған.