Ақтөбе облысында тойға қатысқан 100-ден астам адам жаппай медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында болған. Өткен жұмада өткен тойға жүзден астам адам қатысқан, алайда мерекеден кейін олардың жағдайы нашарлап, дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 19 маусымнан бері барлығы 102 адам дәрігерлерге қаралған. Науқастардың барлығында ішек инфекциясының белгілері анықталған. Оның ішінде 34 адамнан сальмонеллезге күдік бар.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.
Мұғалжар аудандық орталық ауруханасына қосымша медициналық бригадалар жіберіліп, қажетті дәрі-дәрмек қоры мен төсек орындары дайындалған.
Қазіргі уақытта эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр. Ал «Тұмар» мейрамханасының жұмысы уақытша тоқтатылды.