18 жылға сотталған Мәсімов туралы тың дерек шықты

18 жылға сотталған Мәсімов туралы тың дерек шықты
Кәрім Мәсімов. Фото: knb.gov.kz

Мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің жазасын қай жерде өтеп жатқаны әлі белгісіз. Ішкі істер министрлігі экс-шенеуніктің түрмедегі өміріне қатысты ақпаратты жариялаудан бас тартты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне Кәрім Мәсімовтің қамаудағы жағдайына қатысты бірқатар сауал жолданған. Атап айтқанда, журналистер оның түрмеде еңбек ететін-етпейтінін, қандай жұмыспен айналысатынын, жалақы алатынын және бос уақытын қалай өткізетінін білмек болған.

Сондай-ақ бұрынғы шенеуніктің кітапханадан қандай кітаптар алып оқитыны, түрмедегі жағдайына шағымданған-шағымданбағаны туралы да сұрақтар қойылған. Алайда ведомство бұл мәліметтердің ешқайсысын ашып айтпады.

Мәсімовтің қайда отырғаны неге жасырылды?

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Сергей Варго бұрынғы ҰҚК басшысының нақты қай колонияда және Қазақстанның қай өңірінде жазасын өтеп жатқанын жарияламаған.

Дегенмен ведомство Мәсімовтің әлі де қамауда екенін растады.

"Сауалда көрсетілген сотталған азамат заңды күшіне енген сот актілеріне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатыр", – делінген ресми жауапта.

Комитет өкілдері мұндай мәліметтер сотталған адамның жеке ісіне қатысты екенін және заң бойынша жария етуге жатпайтынын түсіндірген.

Кәрім Мәсімов не үшін сотталған?

Еске салайық, 2023 жылғы 24 сәуірде Кәрім Мәсімов 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп таныған.

Сот шешімімен бұрынғы ҰҚК төрағасының мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.