Мұрат Әбенов: «Тыңдайтын» билікке – «айтатын» азаматтар керек»

Dalanews 18 ақп. 2022 03:55 755

Белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Фейсбук парақшасында Президент сұхбатын мұқият тыңдап, біраз ой түйкенін айтыпты. Осы ретте Dalanews.kz ақпарат агенттігі Әбеновтың ойын оқырмандарымен бөлісуді жөн санады.

Президент сұхбатында қоғамдағы жиі айтылып жүрген сын пікірлерге жауап беруге тырысқанын байқадым. Ұжымдық шарты ұйымы, Ресейге тәуелділік, Путин қауіпі, биліктің қателіктері мен одан туындайтын жауапкершілік, қадрлық өзгерістерге қоғамның көңілі толмауы, «Қанды қаңтар» себептері, кең тараған кедейшілік, шеруге шыққандарды қамау, оқ ату, адам өлімі, ұсталғандарды азаптау, саяси реформалар қажеттілігі, тағы да президенттікке түсу ықтималдығы бәрі-бәрі сұхбатта көрініс тапқан.

Сонын ішінде Президент бейбіт азаматтардың ұсталып қамауға алынғаны туралы сұраққа жауаптан қашпады. Қайтыс болғандардың арасында бейбіт шеруге шыққандардың болуы мүмкінін екенін жасырмады.

Әр іс бөлек тексеріліп, қылмыскерді қылмыскер – жазықсыз адамдардың жазықсыз құрбан болғанын анықталатынын айтты. «Шаш ал десе бас алатындардың» бар екенін мойындады. «Жоқ ондай емес, біздің полиция заңсыздыққа бармайды» деп ақтаған жоқ. Ол дұрыс.


Сұхбатта жеке басын мақтау мадақтау болған жоқ. Соған үйрену керек, екі жақта бірдей. Керісінше Тоқаев біздің отандық журналистиканы «артықтау» мақтап жібергенін байқадым. Жалпы алдағы уақытта тең әңгіме болғаны дұрыс.

Әрине сұхбат толық еркін форматта өтті деп асыра бағалауға болмас. Ондай «еркіндіктің» болмайтыны белгілі.

Қай кезде де саясаттың іске асуы мен оның нәтижесін түсіндірудің өз қисындары, идеологиялық ұстанымдар мен жеткізу тәсілдері бар екенін мойындаймыз. Кез келген сөз бен терминді орынсыз пайдаланудың қауіптері бар екені белгілі. Әсіресе казіргі жағдайда. Сол себептен Президент дипломатиялық тәжірибесіне сүйенгені байқалды. Өзі де соны астарлап «айтылған сөз атылған оқ» екенін астарлап айтты.

Ең бастысы саяси реформаларды жариялауды көпке созбайтынын тілге тиек етті. Алдымен күзге жоспарланып, соңынан наурызға неге жоспарланғанын түсіндірді. Президенттің мұнысын қолдаймын. Қоғам ұзақ күтуге дайын емес. Билік өзі бастамаса бұл істі белсенді азаматтар, жаңа саяси күштер өздері қолға алатыны анық.

Жаңа ұсынылған идеология – жаппай еңбекқорлық. Олигархтардың  пайда болу себебін жою. Ұрлаған ақшаны қайтару. Негізгі түйген ой осы.


Алдыңғы  орысша сұхбатында негізгі ұстанымдар айтылды. Бірақ көпшілік қоғамға, ауыл аймақтарға тұратындарға, көбінесе теледидардан ақпарат алатындарға керек деп ойлаймын.

Алдағы уақытта көбірек саяси сараптамалық хабарлар болғаны дұрыс. Әсірісе қазақ тілінде. Еркіндеу ойын жеткізетін.  


Кез келген реформаны халықтың қолдауына сүйеніп жасамаса нәтиже бермейді. Сенім болу үшін шынайылыққа мән беру керек. Жасандылық күдік туғызады. Ол анық. Казіргі саяси ахуалдың ерекшелігі – қоғам жоғары саяси белсенділік танытуға дайын. Ел басқаратын саясаткерлермен қарым-қатынас жасағысы келеді. Ол үшін билік пен қоғам бір тілде, бір идеологиялық теорияға сүйеніп, бір терминологияны пайдаланып, бір қоғамдық келісім шартын мойындаудан бастау керек.

Алдағы уақытта көптеген пікір алмасулар, диалог алаңдардың отырыстарын өткізген дұрыс. Болмаса мылқау мен керең әңгімесіне ұқсап қалуы мүмкін.

«Тыңдайтын» билікке – «айтатын» азаматтар керек.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар