Кездесуге 150-ге жуық ата-ана мен қамалғандардың туыстары келді. Олар депутатқа тергеу изоляторының басшыларымен кездестіруді, сондай-ақ, қамау орнына кіріп, мәселені өз көзімен көруге шақырды.
Ұсынысты қабыл алған Мәжіліс депутаты тергеу изоляторына кіріп, қамаудағы 93 адамның әрқайсымен жеке сөйлесіп, барлық ұсыныс, арыз-шағымдарын тыңдады.
Сондай-ақ оның қорытындысы бойынша ата-аналарына жеке-жеке ақпарат берді. Ал ертең тергеу изоляторының басшысы қамалғандардың туыстарымен тағы кездесіп, ақпарат береді.
Кездесуге мәжіліс депутатымен бірге Алматы облысы прокуратурасының Арнайы прокурорлар басқармасының бастығы Ермек Жақсыбаев, Алматы облысы прокурорының орынбасары Ілияс Бескемпіров, Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Керімбек, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Саяси кеңес Бюросының мүшесі Серік Нұрқадыров қатысты.
Мәжіліс депутаты кездесу қорытындысы бойынша жұртшылыққа кеңірек ақпарат беретіні туралы хабарлады.
ҚР ІІМ мәліметі бойынша жаппай тәртіпсіздік кезеңінде Алматы облысында қылмыс жасады деген күдікпен 116 адам ұсталған. Оның ішінде 44 адамға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, 9 адам босатылған. Қазіргі кезде 93 адам қалалық тергеу изоляторында қамауда. Облыстық Полиция департаментінің өндірісінде 390 қылмыстық іс бар. Азаптаулар туралы әрбір шағымға Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша прокуратура органдарымен қатар ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік органдары жіті тексеруде. Қандай да бір құқықтар бұзылған жағдайда, азаматтар Бас прокуратураның колл-орталығына 115 телефоны арқылы хабарласа алады.
Жалпы облыс бойынша «Қаңтар оқиғасы» кезінде 758 адам зардап шеккен, оның ішінде 643-і полиция қызметкері, 78-і әскерилер, 37-сі бейбіт тұрғын. 8 әкімшілік ғимарат, 68 қызметтік көлік зақымданды, оның 7-еуі толығымен жанып кеткен, сондай-ақ 512 қару ұрланған.