TikTok желісіндегі тікелей эфирде балағат сөз айтқан талдықорғандылық әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желіге жүргізілген мониторинг барысында әдепсіз сөздер қолданылған тікелей эфир анықталған. Тексеру нәтижесінде эфирге шыққан адамның 32 жастағы қала тұрғыны екені белгілі болды.
Оқиғаға қатысты жиналған материалдар сотқа жолданды. Сот әйелді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған әкімшілік айыппұл салды.
Полиция әлеуметтік желілер көпшілікке қолжетімді ашық алаң саналатынын еске салды. Сондықтан интернеттегі сөз бостандығы заң талаптарын бұзуға және қоғамға жат әрекеттер жасауға мүмкіндік бермейді.
Құқық қорғау органдары желі қолданушыларын қарым-қатынас мәдениетін сақтап, өзгелерге құрметпен қарауға шақырды. Сондай-ақ жарияланған контентті кәмелетке толмағандар да көретінін естен шығармау қажеттігін ескертті.