Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа моделі қалыптасып жатыр. eGov 3.0 тұжырымдамасы азаматтың қажетті қызметті өзі іздеуінен гөрі, жүйенің оның сұранысын алдын ала анықтап, қажетті процестерді барынша аз әрекетпен орындауына негізделеді. Бұл туралы AI & Digital Bridge 2026 форумындағы eGov 3.0 панельдік сессиясында айтылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазір мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн көрсетіледі. Сондықтан цифрландырудың келесі кезеңі жаңа қызметтерді жай ғана интернетке көшіру емес, оларды азамат пен бизнес үшін барынша ыңғайлы етуге бағытталмақ.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, eGov 3.0 порталдың дизайнын жаңартумен шектелмейді. Негізгі өзгеріс мемлекеттік қызметтерді әзірлеу мен ұсыну тәсіліне қатысты болады.
«Жаңа eGov 3.0, шын мәнінде, портал дизайнын жаңартумен шектелмей, QazTech жаңа технологиялық платформасы негізінде жүйені толық қайта құруды көздейді. Жаңа архитектура жүйенің өнімділігі мен тұрақтылығын арттырып, жаңа қызметтерді жылдам енгізуге мүмкіндік береді. QazTech – инфрақұрылымды, қауіпсіздікті, әзірлеу құралдарын және дайын компоненттерді біріктіретін цифрлық мемлекеттің технологиялық негізі. Осының арқасында мемлекеттік сервистерді бірыңғай стандарттар негізінде жылдамырақ әзірлеуге болады», – деді Ростислав Коняшкин.
Бұл модельде жасанды интеллектінің рөлі де артады. Мәселен, азаматқа қажетті қызметті электронды үкімет порталынан немесе қосымшадан жеке іздеудің орнына, өзінің мәселесін қарапайым тілмен сипаттау жеткілікті болуы мүмкін. Жүйе оның сұранысын талдап, қандай қызмет қажет екенін анықтап, одан әрігі әрекеттерді орындауға көмектеседі.
Бұл бағыт қазірдің өзінде eGov Mobile қосымшасындағы eGov GPT сервисі арқылы іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда платформада 55 мемлекеттік қызмет қолжетімді, оны 455 мыңнан астам адам пайдаланып үлгерген.
Яғни eGov 3.0-дің негізгі айырмашылығы – азамат мемлекеттік жүйеге бейімделмейді, керісінше мемлекеттік сервис пайдаланушының қажеттілігіне бейімделеді. Қызметтер өзара байланысып, азаматтың бір ақпаратты бірнеше рет енгізуі немесе әртүрлі жүйеге қайта-қайта жүгінуі азаюы тиіс.
Жаңа тәсіл бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге де енгізілмек. Бұл бағытта eGov Business платформасы дамытылып жатыр. Қосымшаны ай сайын шамамен 44 мың кәсіпкер пайдаланады. Мұнда шағын және орта бизнеске арналған 40-тан астам мемлекеттік қызмет пен лицензия, компания туралы ақпарат және құжаттар қолжетімді.
Алдағы уақытта кәсіпкерлерге де жасанды интеллект көмегімен қажетті қызметті табу және өтінім дайындау мүмкіндігі ұсынылмақ. eGov GPT мультиагенттік платформасы кәсіпкердің сұранысын еркін түрде сипаттауына мүмкіндік береді. Жүйе соған сәйкес қажетті қызметті анықтап, келесі қадамдарды ұсынады.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Шыңғыс Оразалимовтің айтуынша, кәсіпкерлер үшін де негізгі мақсат – көптеген процесті бір цифрлық ортаға біріктіру.
«Кәсіпкер негізгі мәселелерін бір қосымша арқылы шеше алатын жүйеге көшу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтқанда, компания құжаттарын цифрлық форматта рәсімдеу мүмкіндігін енгізуді жоспарлап отырмыз. ЖШС жарғысын онлайн режимде әзірлеуге, оған қол қоюға және кейін өзгерістер енгізуге болады, бұл ретте құжаттың барлық нұсқалары сақталатын болады», – деді Шыңғыс Оразалимов.
Сессияда Қазақстанның тәжірибесімен қатар, мемлекеттік басқаруды цифрландырудың халықаралық тәсілдері де талқыланды. Грузияның Цифрлық басқару агенттігінің төрағасы Сандро Цирекидзе Қазақстанның eGov 3.0 бағытындағы тәжірибесіне қызығушылық білдіріп, жасанды интеллектіні мемлекеттік қызметтермен өзара іс-қимылды жеңілдету үшін пайдалану тәсілін атап өтті.
Осылайша, eGov 3.0-дің басты мақсаты – мемлекеттік қызметтердің санын көбейтумен қатар, азаматтың оларды алу үшін жасайтын әрекетін азайту. Жасанды интеллект, деректер және өзара байланысқан цифрлық жүйелер осы өзгерістің негізгі технологиялық құралдары болмақ.
AI & Digital Bridge 2026 форумында өткен сессияға Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өкілдерімен қатар, Грузия мен халықаралық цифрлық трансформация сарапшылары қатысты. Форум 1–3 қазан аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр.