Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуға бағытталған «Вашингтон моделін» халықаралық деңгейде қолдануға болатын үлгі ретінде қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы бұл туралы бүгін Астанада өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысында айтты.
Тоқаевтың айтуынша, жасанды интеллектіге байланысты қауіп-қатерлер ұлттық шекарамен шектелмейді. Сондықтан бұл салада мемлекеттер мен бизнес арасындағы үйлесімді әрекет қажет.
«Дер кезінде көтерілген осы маңызды бастаманы құптаймын. Жасанды интеллектіге қатысты қауіп-қатерлер ешқандай шекараға бағынбайтынын бәрі түсінеді. Сондықтан мемлекеттер мен бизнес қауымдастық тарапынан үйлесімді әрекет қажет», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Вашингтонда жасалған келісімді халықаралық деңгейде зерделеп, оны жасанды интеллектіні реттеудің ықтимал моделі ретінде қарастыруға болатынын атап өтті.
«Вашингтонда қол қойылған келісімді сарапшылар мұқият зерделеген соң мүдделі мемлекеттер жасанды интеллект саласын жаһандық деңгейде реттейтін үлгі ретінде қарастыруына болады. «Вашингтон моделі» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз болуға лайық деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту ұстанымын қолдайтынын атап өтті. Сонымен қатар еліміз халықаралық диалог жүргізуге алаң ұсынуға дайын екенін айтты.
«Қазақстан жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды қолдайды. Осы орайда, аталған мәселе бойынша сындарлы халықаралық диалог жүргізуге алаң ұсына аламыз. Кеңес іс жүзінде маңызды екенін көрсетті. Сондықтан Кеңес мүшелерінен қысқа мерзім ішінде Қазақстанның осы салаға қатысты халықаралық бастамасына нақты ұсыныс беруді сұраймын», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Қазақстанның ортақ ұстанымы биыл желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылатынын жеткізді.