Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресейге жұмысқа барып, кейін Украинадағы соғысқа жіберілгенін айтқан қазақстандықтарды елге қайтару мәселесін қолға алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство Ресей тарапымен консультацияларды жалғастырып, азаматтардың туыстарынан ақпарат жинау үшін арнайы жедел желі іске қосылғанын мәлімдеді.
СІМ бұл мәселеге қатысты ақпараттың бұқаралық ақпарат құралдарында таралуына байланысты түсініктеме берді. Министрлік Қазақстан азаматтарының шетелдегі құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ведомство жұмысының сөзсіз басымдығы екенін атап өтті.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан бұған дейін де соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтардан азаматтарды елге қайтару бойынша тәжірибе жинақтаған. Қазір министрлік Ресей тарапымен бірлескен шараларды пысықтап жатыр.
Бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілімен кездесті. Ал жақын арада Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ресей Сыртқы істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кездесулер өткізеді.
СІМ соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақта болуы мүмкін қазақстандықтар туралы нақты ақпаратты БАҚ пен әлеуметтік желілерден емес, азаматтардың өздерінен немесе олардың туыстарынан тікелей алудың маңызды екенін айтты. Министрлікке олардың аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері және Ресейде жасасқан еңбек шартының талаптары қажет.
Осы мақсатта ведомствода азаматтардың туыстарынан өтініш қабылдайтын арнайы жедел желі жұмыс істеп тұр.
Бұған дейін Dala News Ресейге жұмыс істеуге барған қазақстандықтардың кейін Украинадағы соғысқа жіберілгені туралы жазған еді. Олардың айтуынша, азаматтарға бастапқыда күзет саласындағы жұмыс ұсынылған. Алайда Ресейге барғаннан кейін жағдай өзгеріп, әскери сипаттағы келісімдерге қол қою және соғыс аймағына бару туралы талап қойылған. Кейбір қазақстандықтар бас тартқан жағдайда қысым мен қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтып, Қазақстан билігінен көмек сұраған.
Қазір СІМ осы азаматтарды анықтап, олардың құқықтарын қорғау және Қазақстанға қайтару бойынша Ресей тарапымен жұмыс жүргізіп жатыр.
Министрлік жүргізіліп жатқан жұмыстың барысы мен нәтижелері туралы қосымша ақпарат беретінін мәлімдеді.