“Ресейге жұмысқа шақырып, соғысқа жіберген”. Журналист 19 жастағы інісін елге қайтаруға көмек сұрады

“Ресейге жұмысқа шақырып, соғысқа жіберген”. Журналист 19 жастағы інісін елге қайтаруға көмек сұрады
Фото: әлеуметтік парақшасынан

Қазақстандық журналист Сымбат Еркінбек Ресейге жұмыс істеуге барған інісінің Украинадағы соғыс аймағына жіберілгелі жатқанын мәлімдеді. Ол әлеуметтік желі арқылы құзырлы органдардан көмек сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Журналистің айтуынша, 2006 жылы туған інісі Айнабек жуырда ғана Ұлттық ұлан қатарындағы әскери қызметін аяқтап келген. Кейін оған Ресейде күзетші болып жұмыс істеу ұсынылған. Алайда шетелге барған соң, түрлі қысым арқылы құжаттарға қол қойғызып, соғысқа аттандыруға әрекет жасалған.

“Інім бүгін хабарласып, қазір Украинаның Луганск маңында екенін айтты. “Екі-үш күннің ішінде алып кетпесеңіздер, соғысқа жөнелту басталып кетті” деп көмек сұрап отыр”, – деп жазды Сымбат Еркінбек.

Оның сөзінше, мұндай жағдайға Айнабек қана емес, Қазақстаннан барған басқа да жас жігіттер тап болған. Інісі бұған дейін бірге әскери қызмет атқарған бес-алты жігітті де сол жерден кездестіргенін айтқан. Қазір оның жанында көмек күтіп отырған он шақты қазақстандық бар көрінеді.

Журналист бұл мәселе бойынша мемлекеттік органдарға хабарласып, ресми өтініштер жолдағанын жеткізді. Ол істің мемлекетаралық деңгейде қаралуы қажет деп есептейді.

“Мемлекет араласпаса, бұл мәселені шешу қиын сияқты. Ақпараттың құзырлы органдарға жетуіне журналистердің, қоғам белсенділері мен барша қазақстандықтың көмегі керек”, – деді ол.

Әзірге Қазақстанның құзырлы органдары аталған жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Жарияланған ақпараттағы деректер тәуелсіз түрде расталмаған.