Путинге қарыз емеспіз. Солтүстік облыстар? Жерге қатысты дау жоқ - Тоқаев

Dalanews 18 ақп. 2022 04:46 835

Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ бітімгершілік күштері және Қазақстан мен Ресейдің өзара қарым-қатынасы туралы сұрақтарға да жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы тәртіпсіздіктерді ҰҚШҰ-ның қатыстырмай реттеуге болмады ма деген сұраққа түсініктеме беріп, сондай-ақ бітімгершілік күштерді тарту туралы өз шешіміне өкінетінін-өкінбейтінін айтты.

"Өкінбеймін. Бұл ешқандай да өкіндіретін шешім емес. Керісінше дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Өйткені, қарулы қарақшылар Алматыны қиратып, өзге қалаларға қауіп төндірді. Осы қарулы контингент болмаса, лаңкестер басқа да қалаларды басып алар еді. Қарулы шайқастар Талдықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада орын алды. Елордада лаңкестердің дайындық жұмыстары байқалды, олар, тіпті, Ақордаға шабуыл жасауға дайын болды. Кейбір беделді сарапшылар айтуынша, лаңкестер Қазақстанның басты екі қаласын басып алуды жоспарлаған. Бұл Сириядағы сценарийге ұқсас жоспар. Сол елде лаңкестер Дамаск пен Ракканы басып алуға әрекеттенген еді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерлері біздің елде бір де бір оқ атпағанын атап өтті.


"Оны ашық айту керек. Олар тек негізгі стратегиялық нысандарды күзетіп тұрды. Осы кезде біздің күштік құрылымдар іске кірісіп, қарулы лаңкестерге тосқауыл қойды. Арамызда тек тығыз байланыс пен үйлесім болды. Ал енді «Путинге қарыз боп қалдық» дегенге келсек, бұл – бос әңгіме. Оны доғару керек", – деді Мемлекет басшысы

Біріншіден, оның айтуынша, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының контингенті Владимир Путиннің немесе Ресейдің жеке әскері емес. Бұл ұйымның әскери құрамы оған мүше елдердің бәріне ортақ. Онда Ресейден бөлек, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғызстанның әскери бөлімдері бар.

"Қазақстан да – осы ұйымның толыққанды мүшесі әрі негізін қалаушысы. Сондықтан, бәрі – заңды, қисынды», - деді Мемлекет басшысы. «Ресейге келсек, бұл алпауыт ел өзінің геосаяси мүддесін де қорғады. Қазақстанның тұрақтылығы Ресейге өте қажет. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Қазақстан мен Ресей – стратегиялық серіктестер. Арамызда шынайы достық пен өзара сенім болуы керек. Басқа саясат ұстансақ, екі елдің стратегиялық мүддесіне нұқсан келтіреміз. Жалпы, біз ешкімге ештеңе де қарыз емеспіз. Қазақстан – егемен мемлекет. Сондықтан саясатымыз да дербес", – деді Қазақстан Президенті

«Ресей – ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келе жатқан құдайы көршіміздің бірі. Қазақтың тағдырына осылай жазылған. Мұны біз өзгерте алмаймыз. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайта беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді», - деп атап өтті Қ. Тоқаев.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы кейбір ресейлік саясаткерлердің "Қазақстан өңірлерін Ресейге қосып алу" туралы айтып жүрген мәселеге қатысты жауап берді.

"Расында да, кейбір ресейлік саясаткерлер тарапынан «Қазақстанның солтүстік облыстарындағы жерлер біздікі» деген сөздер айтылғанын жеткізді.

«Бірден кесіп айтайын. Бұл – ақылға сыймайтын, орынсыз пікір. Ресми билік, яғни Кремль, әрине, бұл уәжді қолдамайды. Екі елдің басшылығы арасында жер мәселесіне қатысты ешқашан дау туындаған емес.


Маған Владимир Путиннің өзі «жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз» деп айтқан. Сондықтан алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Шекарамыз толық айқындалған, бекітілген. Бұл ақиқатты бүкіл әлем мойындайды. Екі елдің арасындағы байланыстарға сызат түспеген. Ресей Президенті осындай қағидаттарға адалдығын, беріктігін көрсетті", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар