Бас құжаттың аясында тараптар өкілеттік шеңберінде діни қызмет саласында өзара әрекеттесе отырып, меморандумда көзделген шараларды бірлесіп іске асыратын болады.
Таяу болашақта екі жақ бейбітшілікті және конфессияаралық келісімді насихаттауға, діни экстремизм және терроризмге қарсы бағытталған іс-шаралар өткізіп, ғылыми-методикалық семинарларда, практикалық конференциялармен қатар осы саладағы білімдері мен тәжірибелерімен бөліседі.
Сондай-ақ, Алматы облысының тұрғындарын радикалды ағымдардың ықпалынан сақтандыру аясында бірлескен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, діни қызмет саласындағы өзекті мәселелер туралы әдістеме-анықтамалық материалдарды бірігіп әзірлеуге құлық танытып отыр.
Меморандумдағы келесі бір бағыт – интернет кеңістігіндегі деструктивті контенттердің таралу аясын шектеу. Осының төңірегінде талдау, мониторинг жұмыстарын қолға алынып, әлеуметтік желілерде қарсынасихаттық шаралар жүйелі түрде іске аспақ.
Қос тараптың уағдаластығының шеңберінде Алматы облысы «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» КММ Орталық мамандары мен тиісті азаматтардың (ҚМДБ өкілдерін) іс-тәжірибеден өтуіне мүмкіндік туғызуы қажет. Мұнымен қоса, аймақта діни ұйымдардың жұмысы жайлы зерттеу және діни ахуалға анализ жүргізуді қамтамасыз ететін болады, тіпті жастар арасында методикалық жұмыс жүргізу тәсілін жетілдіруге ықпал етпек.
– Біздің орталық өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарына академия тарапынан көрсетілетін жұмыстарға тиісті әдістемелік қолдау көрсетеді және Орталық тарапынан ұйымдастырылатын түрлі іс-шараларға академия қызметкерлерінің қатысуын қамтамасыз етеміз, – деп атап өтті Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының директоры Сағыныш Жаңабай.
Айта кетейік, екі тарап бұл Меморандумда көрсетілген сұрақтар бойынша өзара қарым-қатынасты өздеріне бекітілген уәкілетті өкіл арқылы жасайды, туындаған сұрақтар және біріккен іс-шаралар өткізу мәселесі тараптармен табысталған. Бұл меморандумға енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар жазбаша түрде және тараптар келісімімен жүзеге асады.