Астық қабылдайтын кәсіпорындар астық қабылдамай, тарифтерді негізсіз өсірген - БҚДА

Кәмшат Тілеухан 03 қаз. 2025 16:23

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі астық қабылдау кәсіпорындары көрсететін қызметтер нарығында бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Оның ішінде астықты қабылдаудан бас тарту, кемсітушілік жағдайларды белгілеу, демалыс күндері тарифтерді негізсіз көтеру фактілері тіркелді. Агенттіктің араласуы нәтижесінде тарифтер 25 пайызға дейін төмендетіліп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін тең қолжетімділік қамтамасыз етілді", делінген БҚДА хабарламасында.

Жалпы алғанда, жұмыс қорытындысы бойынша агенттік 23 ескерту шығарды, нұсқама берді, әкімшілік айыппұл салумен тергеп-тексеру жүргізді, сондай-ақ бірқатар монополияға қарсы комплаенстер жасалды.

Сонымен қатар саланың дамуын тежейтін жүйелі кедергілер де айқындалды. Процестердің едәуір бөлігі әлі де қолмен жүргізіледі, бұл маусымдық кезеңде кезектер мен шамадан тыс жүктемелерге әкеледі.

Қосымша тәуекел ретінде Qoldau жүйесінде астық қолхаттарын тіркеу және абоненттік төлемнің жоғары болуы аталды. Бұл мәселе бойынша фермерлерден шағымдар түсті. Жұмыс нәтижесінде аталған субъект арнайы құқықтың мемлекеттік тізіліміне енгізілді, сондай-ақ қызметтер құнына сараптама жүргізілуде. Бұдан бөлек, ірі кәсіпорындардың лицензиясыз жұмыс істеп отырғаны анықталды, бұл астықтың сақталуына кепілдікті төмендетеді және адал ойыншыларды тең емес жағдайға қояды.

Маңызды проблемалардың бірі – астық қабылдау кәсіпорындарының тозуы. Осыған байланысты агенттік кәсіпорындарға жеңілдетілген несие беру мүмкіндіктерін кеңейтуді ұсынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар