Атырауда төрт адамның өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырыста айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев отбасы ішіндегі бұрынғы жағдайларды баяндады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сәрсемәлиевтің айтуынша, бір күні түнгі сағат 12-де оған дәрігер хабарласып, әйелінің шұғыл операцияға кіретінін айтқан. Дәрігер одан ауруханаға келіп, қолхат беру қажет екенін жеткізген.
"Дәрігер: "Әйелің операцияға кіреді. Сен керексің, қолхат керек. Әйеліңнің аяғы ауыр. Балаңа да, әйеліңе де кепілдік бермейміз, ота болады" деді", – деді ол сотта.
Айыпталушының сөзінше, ол ауруханаға бармақ болғанда, әйелінің әкесі мен қайын ағасы қарсы шыққан. Олар оның балалармен үйде қалуын талап еткен.
"Мен барам дегенде әкесі де, қайын ағам да қарсы шықты. "Баланы бағып үйде боласың. Егер сен кетсең, балаларды өз анаңа апарып тастайсың" деген қорқыныштары болды", – деді Сәрсемәлиев.
Оның айтуынша, сол сәтте ол қайын жұртынан қатты көңілі қалған. Айыпталушы бұл сөздерін марқұмдарды қаралау немесе өзін ақтау үшін емес, жағдайды түсіндіру үшін айтып отырғанын жеткізді.
Сәрсемәлиев сол кезде арада қатты жанжал болғанын, тіпті төбелеске дейін барғанын айтты. Оның сөзінше, бұл жағдайға қатысты дәлелі де бар.
"Мен тергеу кезінде ақталуға тырысқан жоқпын. 2024 жылдың 30 тамызында Мұқанғалиев Наурыз WhatsApp-та Әдемі апасымен сөйлескенде сол жағдай туралы айтқан. "Сұлтанды ұрып тастауға шақ қалдық. Баласы болған соң тиіскен жоқпыз, аядық" деген сөздер айтылған", – деді ол.
Айыпталушы бұл мәліметті сотқа ұсынбағанын айтты. Оның сөзінше, сол кезде ол болған жағдайды түсіндіре алмай, басқа жол көрмеген.
"Әйелім операцияда жалғыз болды. Қасына ешкім кірмеген", – деді Сәрсемәлиев сотта.
Қазіргі уақытта сот отырысы жалғасып жатыр. Істің толық мән-жайы сот барысында анықталмақ.