Жоғары аудиторлық палата “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы бойынша кәмелет жасына толған қатысушыларға тиесілі қаражаттың басым бөлігі пайдаланылмай отырғанын мәлімдеді. Олардың дерегінше, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2024 жылы 18 жасқа толған қатысушыларға есептелген 30,6 млн доллардың 26 млн доллары немесе 84,9 пайызы пайдаланылмаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналинаның айтуынша, бұл үрдіс тек бір жылмен шектелмейді. Оның сөзінше, 2023–2024 жылдары пайдалануға қолжетімді болған 106,2 млн доллардың 74,6 млн доллары игерілмеген. Яғни қаражаттың шамамен 70 пайызы өз иелері тарапынан қолданылмаған.
"Бағдарлама аясында балаларға есептелген барлық қаражат туралы емес, тек кәмелет жасына толған қатысушылар пайдалана алатын қаражат жөнінде айтып отырмыз", – деді Венера Жаналин.
Сарапшының пікірінше, игерілмеген қаражат көлемінің көп болуы бағдарламаның тиімсіздігін көрсетпейді. Айтуынша, 18 жасқа толған жастардың бәрі бірдей бірден оқу орнын таңдап, шешім қабылдай бермейді. Кейбірі мемлекеттік грант иеленсе, енді бірінің жинақталған қаржысы тұрғын үй мәселесін шешуге жеткіліксіз болуы мүмкін.
"Қаражаттың пайдаланылмай жатуы көбіне жастардың жеке таңдауымен байланысты", – деді қаржыгер.
Сонымен қатар Венера Жаналинаның айтуынша, кәмелет жасына толғаннан кейін қаражаттың инвестициялық табыс әкелуін тоқтатуы назар аударуды қажет етеді. Оның сөзінше, балалар 18 жасқа толғанға дейін бұл қаржы Ұлттық қор құрамында инвестицияланып, табыс әкеледі. Ал арнайы жинақ шотына аударылған соң қаражат инвестициялық айналымнан шығып қалады.
"Жастардың бастапқы капиталы ретінде қарастырылған қаражат бірнеше жыл бойы пайдаланылмай жатса, оның табыс әкелу мүмкіндігін сақтау маңызды", – деді ол.
Қаржыгердің есебінше, егер Ұлттық қордың кейінгі 18 жылдағы орташа жылдық табыс деңгейі сақталса, пайдаланылмаған 26 млн доллар жыл сайын шамамен 800 мың доллар инвестициялық табыс әкелуі мүмкін. Ал игерілмеген қаражаттың жалпы көлемі 74,6 млн доллар болған жағдайда, әлеуетті табыс 2,2–2,3 млн долларға дейін жетеді.
Дегенмен сарапшы бұл қаражатты мемлекеттік жобаларды қаржыландыру көзі ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, бұл қаржы нақты азаматтарға тиесілі болғандықтан, кез келген шешім олардың мүддесін ескеруі қажет.
"Егер пайдаланылмаған қаражатты инвестициялау туралы шешім қабылданса, қаражат нақты иесіне бекітіліп қалуы керек. Сонымен қатар инвестициялық саясат барынша қауіпсіз әрі ашық болғаны жөн", – деді Венера Жаналин.
Сарапшының сөзінше, Жоғары аудиторлық палата көтерген мәселе орынды болғанымен, бағдарламаны жетілдіру барысында балалардың болашақтағы қаржылық мүддесі басты орында қалуы тиіс.