Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 16 маусымдағы отырыста айыпталушыдан жауап алынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот барысында Сәрсемәлиев оқиғаға дейінгі жағдайды өз нұсқасы бойынша айтып берді. Оның сөзінше, балаларына анасы қарап отырған. Ал 2025 жылдың қыркүйегінде әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваға бірінші топ мүгедектігі бар деген анықтама берілген. Кейін оны әрекетке қабілетсіз деп тану туралы шешімді екі ай күту қажет болған.
Айыпталушы осы уақытта үш жасар қызы мен әйелін алып, қайын жұрты тұратын Жангелдин ауылына баруды ойлағанын айтты. Оның айтуынша, ол Ақбаянның туыстарымен сөйлесіп, жағдайды түсіндірмек болған.
«Көзқарасы өзгерген болар, барып қайтайық дедім. Жақсы болса, Ақбаянға қамқоршы ретінде сол кісілерді тағайындайды деп ойладым. Бардым. Ештеңе ойластырып барған жоқпын. Жанымда үш жасар қызым бар. Ойын білгім келді», — деді Сәрсемәлиев сотта.
Оның сөзінше, бұл жағдай 3 қараша күні болған. Айыпталушы қайын жұртының үйіне кірген кезде өзін жылы қарсы алмағанын айтты.
«Үйдегі Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева, Мейрамгүл Қарабалина “сен неге келдің?” деді. Есіктен кірген бойда қатты сөздер айтты. Ақбаян демалсыншы деп, “ертең сөйлесейік” дедім де, ұйықтап қалдым», — деді ол.
Сәрсемәлиевтің айтуынша, келесі күні таңертең оны әйелінің әкесі оятып, қалған балаларды алып келуді талап еткен.
«Таңғы уақытта әкесі аяғымнан теуіп оятты. “Қалған балалар қайда? Оларды алып кел. Ақбаян осы үйде қалады” деді. Анадай көзқарасты түсінбей қалдым. Бекер келдім деген ой болды», — деді айыпталушы.
Ол қамқоршылық пен мүгедектікке қатысты мәселені түсіндіріп үлгермегенін жеткізді. Сәрсемәлиевтің сөзінше, қайын жұрты қалған балаларды да әкелуді талап етіп, әкелмеген жағдайда үйіне барып жанжал шығаратынын айтқан.
Айыпталушы сотта бұл жағдай өзіне психологиялық тұрғыдан ауыр әсер еткенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол елге келген соң қылмысын мойындағанын айтты.
«Елде тергеушіге жетпей, әуежайда қабылдаған кісілерге қылмысымды мойындап тастағам. Ақталатындай, қылмыстан жалтаратындай ешқандай әрекет жасаған жоқпын», — деді Сәрсемәлиев.
Сотта айыпталушы көзіне жас алып, болған жағдайға қатысты өкінішін жеткізді.
«Түсінемін, артық кеттім. Бірақ олар да өздері сұрап алғандай болды. Біреуі болмаса біреуі қояр деп мүмкіндік бердім ғой», — деді ол.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр. Істің толық мән-жайы сот барысында анықталмақ.