Freedom Inside '26

СҚО-да механизатор пестицидтен уланып көз жұмды

СҚО-да механизатор пестицидтен уланып көз жұмды
pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы кәсіпорнының механизаторы егістік алқабын өңдеу кезінде химиялық заттан уланып қайтыс болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Тимирязев ауданында тұратын азаматтың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«СҚО Тимирязев ауданы тұрғынының қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттерінің толық кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, зерттеуде. Тергеу қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция департаменті.

БАҚ мәліметінше, қайғылы оқиға Тимирязев ауданында болған. «Қазақстан Бидайы» ЖШС-де жұмыс істеген 46 жастағы механизатор егістік алқабын химиялық өңдеу кезінде көз жұмған. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге пестицидтерден болған жедел улану себеп болған.

Ақпаратқа сәйкес, марқұм Ленин ауылдық округінің аумағындағы егістікте жұмыс істеген. Таңертең жоспарлы химиялық өңдеу жұмыстарына кіріскен. Түн ортасынан кейін агрохимикат құйылған сыйымдылықты толтыру кезінде есінен танып қалған.

Әріптестері оны аудандық ауруханаға жеткізуге тырысқанымен, механизатор жолда қайтыс болған.

Оқиғаның мән-жайын Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің өңірлік департаменті де тексеріп жатыр. Арнайы тергеу аясында кәсіпорында қауіпті химиялық заттармен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағаны және қызметкерлердің қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген-етілмегені анықталады.

БАҚ мәліметінше, «Қазақстан Бидайы» ЖШС астық және бұршақ дақылдарын өсірумен қатар мал шаруашылығымен де айналысады. Қазіргі уақытта кәсіпорын құны 3 млрд теңгеден асатын толық циклді зауыт салу жобасын жүзеге асырып жатыр.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін облыстық еңбек инспекциясы департаменті арнайы комиссия құрған.