Алматыда зейнеткерлерге қатысты интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен бір топ адам ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, күдіктілер егде жастағы азаматтарды алдап, олардың мүлкін сатуға және ақшасын өз бақылауындағы есепшоттарға аударуға көндірген.
«Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен қарт азаматтарға қатысты бірқатар интернет-алаяқтық деректеріне қатысы бар адамдар тобының заңсыз әрекетінің жолы кесілді», – делінген хабарламада.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер өздерін құқық қорғау органдарының немесе қаржы ұйымдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, жәбірленушілерді жаңылыстырған.
Олар азаматтарды түрлі сылтаумен пәтерлері мен өзге де жылжымайтын мүлкін сатуға, сондай-ақ ақшаларын қауіпсіз шот ретінде көрсетілген есепшоттарға аударуға үгіттеген.
«Тергеу барысында қылмыстық схеманы ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікке ілінген тұлғалар анықталып, ұсталды. Олардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі бойынша сараланып, соттың санкциясымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», – деп хабарлады прокуратура.
Ведомствоның дерегінше, келтірілген шығын көлемі 1,5 млрд теңгеден асады.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары қылмыстық әрекеттің барлық мән-жайын және оған қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізуде.