Әділбек Өмірәлиев "Qazaq Air" АҚ (Vietjet Qazaqstan) Басқармасының төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әділбек Өмірәлиевтің 18 жыл еңбек өтілі бар, оның 15 жылдан астамы көлік және коммуникация саласына тиесілі.Швейцария Конфедерациясының Еуропалық университетінде "Халықаралық бизнес" мамандығы бойынша іскерлік әкімшілендіру магистрі (МВА) дәрежесін алған. Бұған дейін М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің есептеу математикасы және кибернетикасы факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2007 жылы "Қазкосмос" АҚ-да бас маман қызметінен бастады. Кейін "Қазақстан Ғарыш Сапары" АҚ, "Зерде" ақпараттық-коммуникациялық холдингі мен "Самұрық-Қазына" АҚ-да жұмыс істеген.
2019 жылдан бастап Qazaq Air (Vietjet Qazaqstan) компаниясында қаржы директоры қызметін атқарды, ал 2024 жылы мамырдан бастап компанияның Басқарма төрағасының міндетін атқарып келді.
Qazaq Air 2015 жылдың сәуір айында "Самұрық-Қазына" қорымен құрылды. 2024 жылы 27 желтоқсанда Qazaq Air акцияларының 51%-ын Sovico Group/Vietjet құрамына кіретін консорциумға сату туралы шартқа қол қойылды. "Самұрық-Қазына" 49% үлесті сақтап қалды. 2025 жылдың мамыр айында VietJet Qazaq Air-мен Vietjet Qazaqstan брендінде бірлескен кәсіпорын құрғанын жариялады. Жаңа кәсіпорын кем дегенде Boeing 737 маркалы 20 ұшақтан тұратын флотты басқаратындығы жоспарланған.
Бұған дейін сайтымызда "Въетнамдағы тұңғыш миллиардер әйел және Қазақстан" деген мақала жарияланған болатын.