Соңғы күндері әлеуметтік желіде Балқаш қалалық ауруханасына қатысты сот шешімі қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл істі көпшілікке жеткізіп жүрген - кәсіпкер әрі қоғам белсендісі Айтбек Аулбаев. Ол бірнеше жылдан бері қарындасы Меруерт Аулбаеваның өліміне кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп келеді.
Айтбек Аулбаев көпшілікке ең алдымен қарындасының қазасына байланысты әділдік іздеген азамат ретінде танылды. Алайда оның өмір жолы бұған дейін де ауыр сынақтарға толы болған.
2011 жылы Айтбек Аулбаев ауыр жол-көлік оқиғасына түсіп, екі көзінен бірдей айырылды. Дәрігерлер оған көру жүйкесінің атрофиясы диагнозын қойған. Соған қарамастан ол өмірден қол үзбей, кәсіпкерлікпен айналысты, MBA бағдарламасын тәмамдады, қоғамдық жұмыстарға араласты. Қазір әлеуметтік желіде мыңдаған оқырманы бар қоғам белсендісі ретінде танылған.
2023 жылы Айтбек Аулбаевтың қарындасы Меруерт Аулбаева іші ауырып, Балқаш қалалық ауруханасына бірнеше рет жүгінген. Айтбек Аулбаевтың айтуынша, алғашқы екі рет дәрігерлер оны үйіне қайтарған. Тек жағдайы күрт нашарлаған кезде ғана оған аппендицит пен жайылған перитонит диагнозы қойылып, шұғыл ота жасалған.
Алайда операциядан кейін әйелдің жағдайы жақсармай, сепсис дамыған. Кейін бірнеше мәрте қайта операция жасалғанымен, 2023 жылдың қараша айында Меруерт Аулбаева қайтыс болды. Айтбек Аулбаев қарындасының өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп есептеп, құқық қорғау органдарына, Денсаулық сақтау министрлігіне және Президент Әкімшілігіне бірнеше рет жүгінді.
Қоғам белсендісі бірнеше рет жариялаған бейнеүндеулерінде мәселенің тек өзінің отбасына қатысты емес екенін айтқан.
«Мен өзім зағип адаммын. Бірақ бұл істі соңына дейін жеткіземін. XXI ғасырда адамдар аппендициттен қайтыс болмауы керек. Егер бүгін үндемесек, ертең дәл осындай жағдай басқа бір отбасының басына түсуі мүмкін», – деген болатын Айтбек Аулбаев.
Оның айтуынша, басты мақсаты – бір ғана дәрігерді жазалау емес, пациенттердің құқығын қорғау және медициналық көмектің сапасына қоғам назарын аудару.
Бір жылдан астам уақытқа созылған тергеуден кейін қылмыстық іс сотқа жолданды. Ал азаматтық талап бойынша Балқаш қалалық соты талапты ішінара қанағаттандырды.
Айтбек Аулбаевтың мәліметінше, сот Балқаш қалалық ауруханасынан:
• 2 миллион теңге материалдық шығын;
• 10 миллион теңге моральдық өтемақы;
• сот шығындарын өндіру туралы шешім шығарған.
Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, мұндай шешім жақынын қайтармайтынын, бірақ әділдікке жасалған маңызды қадам екенін жазды.
Соңғы уақытта Айтбек Аулбаев әлеуметтік желі арқылы резонансты істерге пікір білдіріп, азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелерін көтеріп келеді. Ол медициналық қателіктерге қатысты заңнаманы жетілдіру, дәрігерлердің жауапкершілігін күшейту және пациенттердің құқықтарын қорғау мәселелерін тұрақты түрде қозғап жүр.
Айтбек Аулбаевтың айтуынша, оның күресі тек қарындасының ісімен шектелмейді. Ол мұндай қайғылы оқиғалардың қайталанбауына ықпал ететін жүйелі өзгерістерге қол жеткізуді мақсат етеді.