Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар–маусым айлары аралығында мұнай мен газ өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендеген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы жариялаған өнеркәсіп көрсеткіштерінде айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ресми дерекке сәйкес, алты айда елде 45,6 млн тоннадан астам мұнай өндіріліп, бұл былтырғымен салыстырғанда 8,4 пайыз азайған. Сондай-ақ газ өндіру көлемі 4,4 пайыз төмендеп, 31,3 млрд текше метрді құрады.
Ұлттық статистика бюросы өндіріс көлемінің төмендеу себептерін нақтыламаған. Ал Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұған Орынбор газ өңдеу зауытына газ жеткізудің қысқаруы, жыл басында Теңіз кен орнындағы апаттың салдары және Қазақстан мұнайының шамамен 80%-ы экспортталатын Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүйесіндегі қиындықтар әсер еткен.
Соған қарамастан, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері бойынша өндіріс көлемі артты. Атап айтқанда, керосин өндірісі 13% өсіп, 400 мың тоннаға жетсе, дизель отынының өндірісі 2,7%-ға артып, 3,2 млн тоннаны құрады. Сондай-ақ бензин өндірісі 1,4% ұлғайып, 3,04 млн тоннаға жетті. Ал мазут өндірісі, керісінше, 31,4%-ға қысқарып, 700 мың тоннаны құрады.
Сарапшылардың айтуынша, елде жанармайға деген сұраныс артып келеді. Осыған байланысты Қазақстан үш ірі мұнай өңдеу зауытын кезең-кезеңімен жаңғыртып жатыр. Жоспарға сәйкес, 2033 жылға қарай елдегі мұнай өңдеу көлемі жылына 40 млн тоннаға дейін ұлғайтылып, қосымша қуаттылығы жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауыты салынбақ.