Алтынды артқа тастап, күміс көлеңкеден шыға бастады

Алтынды артқа тастап, күміс көлеңкеден шыға бастады
ашық дереккөз

Соңғы жылдары әлемдік нарықта күміске деген қызығушылық артып келеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіске бір жағынан өнеркәсіптік сұраныстың өсуі әсер етсе, екінші жағынан күмістің жинақтау және инвестициялық құрал ретіндегі маңызы қайта бағалана бастаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тарихқа көз жүгіртсек, күміс мыңдаған жылдар бойы адамзат өркениетінде ақша қызметін атқарған бағалы металдардың бірі болды. Ежелгі Месопотамиядан бастап Рим империясына дейін, кейін Еуропа мен Азия елдерінде күміс сауда-саттықтың негізгі құралы ретінде кеңінен қолданылды. Кейбір тарихшылардың айтуынша, күміс ақша ретінде алтыннан да ұзақ пайдаланылған.

Бүгінде күміс бұрынғыдай ақша айналымының негізі болмаса да, оның экономикалық маңызы төмендеген жоқ. Керісінше, жаңа технологиялардың дамуы бұл металға деген сұранысты арттырып отыр. Күміс күн панельдерін өндіруде, электроникада, медицинада, аккумуляторлар жасауда және түрлі жоғары технологиялық салаларда кеңінен қолданылады.

Сарапшылар соңғы жылдары бірқатар мемлекетте күмісті қаржылық актив ретінде пайдалануға қатысты жаңа бастамалар көтеріліп жатқанын айтады. Кей елдерде банктердің бағалы металдарды кепіл ретінде қабылдау тәжірибесі кеңейіп келеді. Бұл күмістің инвестициялық тартымдылығының сақталғанын көрсетеді.

Қазақстанның күміс қоры қандай?

Қазақстан күміс қоры бойынша әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына кіреді. Геологтардың бағалауынша, елімізде күмістің ондаған ірі кен орындары бар. Күміс көбіне қорғасын, мырыш, мыс және алтын кендерімен бірге өндіріледі.

Еліміздегі негізгі күміс кен орындары Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қостанай және Ақмола облыстарында шоғырланған. Әсіресе, Жезқазған, Балқаш, Риддер және Алтай өңірлері бағалы металл қорларымен ерекшеленеді.

Алайда соңғы жылдары Қазақстанда күміс өндірісі төмендеп келе жатқаны байқалады. Сарапшылардың дерегінше, аффинаждалған күміс өндірісі бесінші жыл қатарынан қысқарған. 2024 жылы елде 697,5 тонна күміс өндіріліп, бұл соңғы он жылдан астам уақыттағы ең төмен көрсеткіштердің бірі болды. Ал 2025 жылдың алғашқы он бір айында өндіріс көлемі 567,5 тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы да төмендеген.

Соған қарамастан, әлемдік нарықта күмістің бағасы қарқынды өсуде. Егер 2025 жылдың басында бір трой унция күмістің құны шамамен 31 доллар болса, 2026 жылдың басында ол 72 доллардан асып, екі еседен көп қымбаттады. 

Мамандар мұны бірнеше фактормен байланыстырады. Біріншіден, әлемде күміс өндірісінің қысқаруы байқалады. Екіншіден, жасыл энергетика, күн панельдері, электр көліктері мен жоғары технологиялық өндірістерде күміске деген сұраныс тұрақты түрде артып келеді. Үшіншіден, инвесторлар күмісті инвестициялық актив ретінде жиі қарастыра бастады.

Қазақстан әлемдік күміс нарығында маңызды орын алады. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметтері бойынша, 2024 жылы елімізде шамамен 1 мың тонна күміс өндіріліп, Қазақстан әлемдегі ең ірі күміс өндіруші мемлекеттердің алғашқы ондығына енді. Ал халықаралық The Silver Institute ұйымының дерегіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда 16,1 миллион унция күміс өндіріліп, ел әлемдегі ең ірі 15 өндірушінің қатарына кірді.

Бүгінде Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі негізгі күміс өндірушілердің бірі саналады. Елде өндірілген күмістің басым бөлігі Ұлыбритания, АҚШ және басқа да халықаралық нарықтарға экспортталады.

Сарапшылардың пікірінше, өндіріс көлемінің қысқаруына қарамастан, күміске деген әлемдік сұраныстың артуы мен бағаның өсуі Қазақстан үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашуы мүмкін. Әсіресе, бағалы металды терең өңдеу, инвестициялық өнімдер шығару және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту бағыттары болашақта қосымша табыс көздеріне айналуы ықтимал.

Инвесторларға кеңес

Сарапшылардың пікірінше, күміс жоғары табыс әкелуі мүмкін активтердің бірі болғанымен, оның бағасы алтынға қарағанда құбылмалы келеді. Өнеркәсіптік сұраныстың жоғары болуы күмістің бағасын жылдам өсіруі мүмкін, алайда нарықтағы өзгерістерге де ол тез әсер етеді.

Ал алтын дәстүрлі түрде капиталды сақтаудың және тәуекелді төмендетудің құралы ретінде қарастырылады. Сондықтан көптеген инвесторлар алтынды инвестициялық портфельдің тұрақтылығын қамтамасыз ететін актив ретінде бағалайды, ал күмісті өсу әлеуеті жоғары құрал ретінде көреді.

Мамандар бағалы металдарға инвестиция салғанда эмоцияға берілмей, нарықтағы қысқа мерзімді өзгерістерге бола асығыс шешім қабылдамауға кеңес береді. Егер инвестициялық портфельде бағалы металдар мүлдем болмаса, оларды біртіндеп, шағын көлемнен бастап қосқан жөн. Ал бағалы металдарға бұрыннан инвестиция салған азаматтарға нарықтағы өсімге еліктеп, барлық қаражатын бір активке бағыттамау ұсынылады.