Қазақстанда инфляция жоғары болуы мүмкін: Freedom Broker сарапшылары болжамдарын айтты

Қазақстанда инфляция жоғары болуы мүмкін: Freedom Broker сарапшылары болжамдарын айтты
Фото: Freepik.com

Freedom Broker инвестициялық компаниясының сарапшылары Қазақстандағы инфляцияға қатысты болжамын қайта қарады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Nege.Aqsha мәліметінше, маусым айында жылдық инфляция 10,4%-дан 10,3%-ға сәл төмендегенімен, бұл бағаның жалпы өсу қарқыны бәсеңдеді дегенді білдірмейді. Осыған байланысты сарапшылар 2026 жылдың соңына арналған инфляция болжамын 9,5%-дан 10%-ға, ал 2027 жылдың соңына арналған болжамды 7,9%-дан 8%-ға дейін көтерді.

Сарапшылардың айтуынша, бұған азық-түлік пен жанармай бағасының қымбаттауы себеп болып отыр. Әсіресе көкөніс бағасы арзандамай, керісінше өскендіктен, жаз мезгілінде әдетте байқалатын азық-түлік бағасының төмендеуі болмаған.

Сонымен қатар бензиннің қымбаттауы киім-кешек, тұрмыстық техника және басқа да азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасына әсер еткен. Ақылы қызметтердің құны да өсе бастаған.

Ал тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтері айтарлықтай өзгермеген. Сарапшылар мұны инфляцияны тежеген аз ғана оң факторлардың бірі ретінде бағалап отыр.