Мемлекеттік кірістер комитеті жариялаған ірі кедендік борышкерлер тізіміне бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен әр жылдары байланысы болған бірнеше компания енді. Олардың төлемдер мен өсімпұлдар бойынша жалпы берешегі 30 миллиард теңгеден асады, деп хабарлайды dalanews.kz fbrk.kz-ке сілтеп.
МКК жариялаған тізімге жалпы берешегі шамамен 114 миллиард теңге болатын 1,5 мыңға жуық заңды тұлға енгізілген. BES.media мәліметінше, қарыздың 80 пайыздан астамы ең ірі 10 компанияға тиесілі.
Ең көп қарызы бар компания - AsiaDistillery ЖШС. Оның берешегі - шамамен 56,6 миллиард теңге. Компания алкоголь өнімдерін шығарады және Түркістан облысы Ташқұлақ ауылындағы шарап зауытына иелік етеді. Кәсіпорын 2019 жылға дейін "Ташқұлақ и К" ЖШС атауымен жұмыс істеген. Кейін атауын өзгертіп, армениялық Bagdat Group компаниясының басқаруына өткен. 2026 жылғы маусымның басында зауыт аукционға шығарылғанымен, сатылмаған.
Екінші, үшінші және төртінші орындарды әр жылдары Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарымен байланысы болған компаниялар иеленген. Олардың жиынтық берешегі 30 миллиард теңгеден асады.
Олардың ішінде Ai-To Progress ЖШС-нің қарызы - 20,48 миллиард теңге. Group of the Companies TDA ЖШС 6,55 миллиард теңге, ал GB Invest ЖШС 3,15 миллиард теңге берешек.
Тізімге Bek Air әуе компаниясы да енгізілген. Оның кеден алдындағы берешегі - 273,12 миллион теңге. Компания Алматы маңында Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін қызметін тоқтатқан. 2019 жылы тасымалдаушының пайдаланушы сертификатының күші жойылып, 2020 жылы әуе паркінің сертификаттары қайтарып алынған болатын.
Тізімде "Фармактив" ЖШС да бар. Компанияның берешегі - 923,06 миллион теңге. Ол медициналық өнімдерді өндірумен және сатумен айналысады.
Бұдан бөлек, ірі борышкерлер қатарында мыналар бар:
- Astana MPR Project ЖШС - 1,57 миллиард теңге.
- "Медет-Холдинг" ЖШС - 410,1 миллион теңге.
- "Раяна" сауықтыру орталығы ЖШС - 95,7 миллион теңге. Компания аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша сотталған кәсіпкер Қалелхан Иманмәдиге қатысты қылмыстық істе аталған.
- Jambyl Et MS ЖШС - 223,1 миллион теңге.
- Қазақстандағы "СПИК Аккорд" ААҚ филиалы - 400,8 миллион теңге.