Ұлытау облысында ақшасын бәс тігуге жұмсаған 22 әке жауапқа тартылуы мүмкін

Ұлытау облысында ақшасын бәс тігуге жұмсаған 22 әке жауапқа тартылуы мүмкін
Фото: ЖИ

Ұлытау облысының прокуратурасы жүргізген талдау барысында алимент бойынша берешегі бола тұра, букмекерлік кеңселерде тұрақты түрде бәс тіккен 22 ер адам анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Прокуратура мәліметінше, олардың бірі 3,9 млн теңге көлемінде алимент қарызына қарамастан, 2020 жылдан бері букмекерлік кеңседе тіркелген. Осы уақыт ішінде ол жеке есепшотына 4,6 млн теңге аударып, 3,1 млн теңге ұтыс алған. Алайда бұл қаражаттың ешқайсысы балаларын асырауға жұмсалмаған.

Аталған деректер бойынша балаларды асырауға арналған қаражатты төлеуден жалтару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Прокуратура алимент төлеу – заңмен белгіленген міндет екенін еске салып, ата-аналарды балалар алдындағы жауапкершілікті орындауға шақырды.