«Миым шайқалды»: астаналық жігіт матчтан кейін полицияның күш қолданғанын мәлімдеді

«Миым шайқалды»: астаналық жігіт матчтан кейін полицияның күш қолданғанын мәлімдеді
ЖИ: Dalanews.kz

Әлеуметтік желіде астаналық тұрғын 12 шілде күні «Астана» – «Ақтөбе» футбол матчынан кейін өзін және ағасын полиция қызметкерлері соққыға жыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, оқиға «Астана Арена» стадионының маңында болған.

«Матчтан кейін "Астана Арена" маңында полицияның арнайы жасағы (СОБР) еш себепсіз мені және ағамды қарындастарымыздың көзінше аяусыз ұрып-соқты. Өздерін таныстырмастан бізді ұстап алып, қызметтік "Газель" көлігіне күштеп отырғызды. Тоғыз адам жабылып, бастан қолмен де, арнайы аяқ киіммен де соққы жасады. Кейін жарты сағаттай көліктің ішінде ұстап, олардың жүздері көрінген видеоларды күштеп өшіртті», – деп жазды тұрғын.

Ол оқиғадан кейін бірден ауруханаға жүгінгендерін, дәрігерлер денелеріндегі көптеген жарақатты тіркеп, жабық бас-ми жарақаты мен ми шайқалуы диагнозын қойғанын айтты. Сондай-ақ, оның сөзінше, ақылы негізде сот-медициналық сараптама жасатқан. Алайда Астана қаласы полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік қызметі қылмыстық іс қозғаудан бас тартып, тек қызметтік тексеру жүргізілетінін хабарлаған. Жазба авторы 12 шілде күні кешке «Астана Арена» маңында болған, оқиғаны видеоға немесе фотоға түсірген азаматтардан өзімен байланысқа шығуды сұрады.

Ал Астана қаласының Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, Премьер-лигадағы «Астана» – «Ақтөбе» матчы кезінде бір топ жанкүйер өзін агрессивті ұстаған.

«Олар былапыт сөздер айтып, қарсылас команданың жанкүйерлерін арандатқан және әдепсіз қимылдар көрсеткен. Оқиғаға қатысушылардың бірі қарсылас команданың туын аяғына байлап алған», – делінген полицияның хабарламасында.

Полиция қоғамдық тәртіпті сақтау және жанжалдың алдын алу мақсатында оқиғаға дер кезінде араласқанын мәлімдеді. Қатысушылар қызметтік автобусқа жеткізіліп, кейін босатылған.

Сонымен қатар, аталған дерек бойынша қызметтік тексеру тағайындалған.

«Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша оқиғаға қатысты барлық тұлғаның әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады Астана қаласының Полиция департаменті.