Қазақстанда цифрлық қаржы қызметтерінің кеңеюімен қатар киберқауіпсіздікті нығайту және интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мамандардың пікірінше, жаңа технологиялардың қарқынды дамуы қауіпсіздік талаптарын да үнемі жетілдіруді қажет етеді. Осыған байланысты қаржы сарапшысы Айбар Олжай аталған саладағы киберқауіпсіздіктің маңызы мен жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, қауіпсіздік талаптарының күшеюіне байланысты қаржылық операцияларға қосымша тексеру тетіктері енгізілген.
“Қазір қосымша верификация, клиентті сәйкестендіру және комплаенс талаптары күшейді. Бұл кейбір операциялардың баяулауына алып келді. Бір жағынан, қаржы секторын дамыту қажет болса, екінші жағынан, алаяқтық әрекеттерге қарсы қауіпсіздік шараларын үнемі жетілдіріп отыру керек”, – деді сарапшы.
Айбар Олжайдың сөзінше, банктер мен өзге де қаржы ұйымдары киберқауіпсіздікке бұрынғыдан көбірек қаражат бөле бастаған. Бұл шығындарға серверлік инфрақұрылымды жаңарту, қорғаныс сүзгілері мен желілік қауіпсіздік жүйелерін орнату, білікті мамандарды тарту және биометриялық сәйкестендіру тетіктерін жетілдіру кіреді.
“Ірі қаржы ұйымдарының бұл бағыттағы шығыны жүз миллиондаған долларға дейін жетуі мүмкін. Мұның барлығы қызмет көрсету құнына әсер етеді. Дегенмен азаматтардың қаражаты мен деректерін қорғау үшін мұндай инвестициялар қажет”, – деді ол.
Сарапшы жеке деректердің заңсыз таралуын қазіргі цифрлық кеңістіктегі негізгі қауіптердің бірі деп атады. Оның айтуынша, алаяқтар жасанды интеллектінің көмегімен адамның даусын, бейнесін және биометриялық мәліметтерін қолдан жасап, оның атынан қаржылық операциялар жүргізуге әрекет етуі мүмкін.
“Ең қауіптісі – адамның жеке деректері мен парольдерінің ұрлануы. Бұл тек қаржылық жағдайына емес, жеке қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Өйткені мекенжайы, байланыс нөмірі және басқа да мәліметтері бөтен адамдардың қолына түсуі мүмкін”, – деді Айбар Олжай.
Оның пікірінше, бір ғана банктің қауіпсіздік жүйесін күшейту жеткіліксіз. Азаматтардың деректері әртүрлі қаржы және қызмет көрсету ұйымдарында сақталатындықтан, бүкіл цифрлық инфрақұрылымда бірыңғай жоғары қорғаныс талаптары болуы қажет.
“Бір банктің жақсы қорғалғаны жеткіліксіз. Азаматтардың деректері бірнеше ұйымда сақталады. Сондықтан барлық қаржы ұйымы қауіпсіздік шараларын кешенді түрде күшейтуі керек”, – деді сарапшы.
Ол жасанды интеллектінің экономиканы дамытуға мол мүмкіндік бергенімен, алаяқтардың да жаңа тәсілдерді жылдам әзірлеуіне жағдай жасап отырғанын атап өтті. Сондықтан бұл технологияларды кибершабуылдарды анықтау, күмәнді операцияларды саралау және қауіптің алдын алу мақсатында кеңінен пайдалану маңызды.
“Бүгін көріп отырған кибершабуылдар – жаңа қауіптердің бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта бұдан да күрделі схемалар пайда болуы мүмкін. Сондықтан киберқауіпсіздік жүйесі шабуыл жасаушылардан әрдайым бір қадам алда жүруі керек. Қорғаныстың бір бөлігі әлсіз болса, бүкіл жүйенің тиімділігі төмендейді”, – деді ол.
Сөз соңында Айбар Олжай елімізде киберқауіпсіздікті нығайту бағытында мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға оң бағасын берді. Оның айтуынша, Мемлекеттік техникалық қызмет, Ұлттық банктің Антифрод орталығы және басқа да уәкілетті органдардың жұмысы цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті арттырып, азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғау тетіктерін жетілдіруге ықпал етіп отыр.
“Мемлекет тарапынан киберқауіпсіздікті күшейту және қаржылық алаяқтықтың алдын алу бағытында маңызды жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекеттік техникалық қызмет пен Ұлттық банктің Антифрод орталығы сияқты құрылымдардың жұмысы цифрлық қауіпсіздік жүйесін дамытуға мүмкіндік береді. Әсіресе жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде мұндай бастамалардың маңызы арта түседі”, – деді сарапшы.
Оның пікірінше, алдағы уақытта мемлекет, қаржы ұйымдары және IT саласы арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту қажет. Бұл жаңа киберқауіптерге жедел әрекет етуге, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз енгізуге және азаматтардың жеке деректерін қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
“Цифрлық трансформацияны киберқауіпсіздіктен бөлек қарастыруға болмайды. Сондықтан мемлекет жүзеге асырып жатқан жобаларды жүйелі түрде жалғастырып, оларды жаңа технологиялардың даму қарқынына сай жетілдіру маңызды. Мұндай саясат еліміздің цифрлық инфрақұрылымын нығайтып, халықтың жаңа сервистерге деген сенімін арттырады”, – деп қорытындылады Айбар Олжай.