Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпорындар жасанды интеллектіні пайдалану туралы жыл сайын есеп береді. Жаңа талапқа сай ұйымдар ЖИ технологияларын қалай және қандай мақсатта қолданып жатқанын көрсетуге тиіс. Ал жасанды интеллектіні пайдаланбайтын кәсіпорындар оның себебін түсіндіреді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық статистика бюросы басшысының бұйрығымен «Кәсіпорындарда жасанды интеллектіні пайдалану туралы есеп» деп аталатын 1-ЖИ статистикалық нысаны бекітілді. Есеп жылына бір рет тапсырылады.
Жаңа талап ауыл, орман және балық шаруашылығы, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, энергия және сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау мен өңдеу, көлік және қойма салаларында жұмыс істейтін, қызметкерлерінің саны 100 адамнан асатын заңды тұлғаларға қатысты. Сонымен қатар есепті мемлекеттік басқару саласындағы жекелеген органдар да тапсырады.
Жасанды интеллектіні қолданбайтын ұйымдар оған кедергі келтіретін негізгі екі себепті көрсетуі керек. Олардың қатарында қаржының, білікті мамандардың, сапалы деректердің, есептеу қуатының немесе нарықтағы дайын шешімдердің болмауы бар. Сондай-ақ әкімшілік кедергілерді, ЖИ-ді қолдану жолдары туралы ақпараттың аздығын және технология қауіпсіздігіне қатысты түсініктің жеткіліксіздігін көрсетуге болады.
Бұдан бөлек, кәсіпорындар жасанды интеллектіні алдағы екі, бес немесе он жыл ішінде енгізуді жоспарлай ма, әлде мүлдем қолданбай ма — соны хабарлайды. Алайда жаңа талап ұйымдарды ЖИ технологияларын міндетті түрде енгізуге міндеттемейді.
Жасанды интеллектіні қолданып жүрген кәсіпорындар қандай технологияларды және оларды қандай міндеттер үшін пайдаланатынын көрсетеді. Олардың арасында мәтін мен сөйлеуді өңдеу, компьютерлік көру, машиналық оқыту, ЖИ-агенттері мен роботтар бар. Сондай-ақ ЖИ-дің өндірісте, саудада, логистикада, қаржылық есеп жүргізуде, қызметкерлерді басқаруда және жаңа өнімдер әзірлеуде қолданылуы туралы мәлімет жиналады.
Есепте жасанды интеллектіні қолданудың нәтижесі де бағаланады. Кәсіпорындар бұл технологияның еңбек өнімділігіне, шығындарға, операцияларды орындау мерзіміне, табысқа және басқарушылық шешімдердің сапасына қалай әсер еткенін көрсетуге тиіс.
Жаңа статистикалық есеп Қазақстан кәсіпорындарында жасанды интеллектінің қаншалықты кең таралғанын және оны енгізуге қандай факторлар кедергі келтіретінін анықтауға мүмкіндік береді.