Нұржігіт комадан шықты: Базарбек оның жағдайы туралы жаңа мәлімдеме жасады

Нұржігіт комадан шықты: Базарбек оның жағдайы туралы жаңа мәлімдеме жасады
Әлеуметтік желі.

Жамбыл облысында жол-көлік оқиғасынан кейін комада жатқан Нұржігіт есін жиып, жақындарын танып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы экс-Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, Нұржігіт комадан шығып, әйелі мен балаларын, ата-анасы мен бауырларын таныған.

Базарбек Тараз қаласындағы №1 қалалық көпбейінді аурухана дәрігерлеріне алғыс білдірді. Оның жазуынша, науқасты еліміздің тәжірибелі реаниматологтарының бірі Мусин Ғамзат Афендиевич бастаған анестезиология және реанимация бөлімінің мамандары емдеп жатыр.

«Нұржігіт комадан шықты, оянды. Есін кіргізіп, әйелі мен балаларын, аға-інілерін, туған-туыстарын танып отыр», – деп жазды Базарбек.

Ол сондай-ақ әлеуметтік желілерде науқастың жағдайына қатысты расталмаған немесе бұрмаланған ақпарат таратпауға шақырды.

Нұржігіт 15 тамызда Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында болған жол апатынан кейін ауыр халде ауруханаға түскен. Дәрігерлер оған политравма, ауыр бас-ми жарақаты, миынын соғылуы, қабырғаларының бірнеше жерден сынуы, екі жақты гемопневмоторакс, оң аяғы сүйектерінің ашық сынуы және II-III дәрежелі травмалық шок диагноздарын қойған. 

Жол апатына қатысты полиция қылмыстық іс қозғаған. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota көлігінің жүргізушісі жолда тұрған ер адамды қағып кеткен. Бақытжан Базарбек кейін жол апатына өзі қатысқанын растағанымен, тергеу құпиясына байланысты оқиғаның мән-жайын ашып айта алмайтынын мәлімдеген. 

28 тамызда Нұржігіт Құландағы аудандық ауруханадан Тараз қаласындағы ауруханаға арнайы реанимобильмен жеткізілген. Ол кезде ер адам 13 күн бойы комада жатқан, ал дәрігерлер оның жағдайынан оң динамика байқаған. 

Қазір Нұржігіттің емін Тараздағы мамандар жалғастырып жатыр.