Құрылтай бюросы БАҚ-ты аккредиттеу ережелерін бекітті

Құрылтай бюросы БАҚ-ты аккредиттеу ережелерін бекітті
Фото: Құрылтай

Құрылтай жұмысының регламенті келесі отырыста депутаттардың қарауына ұсынылады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құрылтай бюросы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аккредиттеу ережелерін бекітті. Әзірге құжаттың толық мәтіні жарияланған жоқ. Сондықтан жаңа ережелерде журналистердің кулуарларда жұмыс істеуіне қатысты қандай да бір шектеулердің бар-жоғы белгісіз. Құрылтайдың баспасөз қызметі аккредиттеу ережелері жақын уақытта ресми quryltai.kz сайтында жарияланатынын хабарлады.

Бюро отырысы құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың жетекшілігімен өтті. Жиында құрылтай жұмысының регламенті талқыланды. Құжат бір палаталы модельдің ерекшеліктері мен құрылтайға берілген жаңа конституциялық өкілеттіктерді ескере отырып, депутаттардың жұмыс тәртібін айқындайды.

Регламент жобасы алдағы құрылтай отырысында түпкілікті қаралады.

Бұған дейін құрылтай отырысында журналистерге БАҚ жұмысына қатысты ережелердің өзгеруі мүмкін екені хабарланған болатын. Белгілі болғандай, журналистер депутаттарға сұрақтарды тек арнайы баспасөз орталығында қоя алады. Ал құрылтай ғимараты ішінде депутаттарға өз бетінше жақындап, пікір алуына тыйым салынбақ.

Отырыстан кейін журналистер ықтимал шектеулерге қатысты депутаттардың пікірін білмек болған. Алайда олармен тілдесу үшін ғимарат сыртына шығуға тура келген.