АҚШ билігі шетелдік студенттерге, алмасу бағдарламаларына қатысушыларға және халықаралық БАҚ өкілдеріне арналған көші-қон тәртібін өзгертті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа ережеге сәйкес, студенттік F және алмасу бағдарламаларына арналған J визалары бойынша АҚШ-та болу мерзімі төрт жылдан аспайды. Ал шетелдік журналистерге берілетін I санатындағы виза 240 күнге дейін қысқарады. Қытай азаматтары үшін бұл мерзім 90 күн болып белгіленген.
Қазіргі жүйеде мұндай визалардың мерзімі оқу, тағылымдама немесе жұмыс аяқталғанға дейін жалғасатын. Енді рұқсат етілген уақыттан кейін елде қалғысы келетіндер арнайы өтініш беріп, мерзімін ұзартуға тиіс.
Жаңа талаптар шетелдік студенттерге де қосымша шектеу қояды. Аспиранттар оқу бағдарламасын немесе университетін рұқсатсыз өзгерте алмайды. Сонымен қатар оқу немесе тағылымдама аяқталғаннан кейін АҚШ-тан шығуға берілетін уақыт 60 күннен 30 күнге дейін қысқартылады.
АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі бұл өзгерістерді шетелдік студенттер мен алмасу бағдарламасына қатысушылар санының артуымен түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылы елде 1,8 миллионнан астам студенттік виза берілген.
Жаңа тәртіп Федералдық тізілімде жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді.