Қазақстанға 15,7 млн шетелдік келген

Қазақстанға 15,7 млн шетелдік келген
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанға 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 15,7 миллион шетел азаматы келген. Оның ішінде 11,1 миллионы ел аумағында бір тәуліктен астам уақыт болған, деп хабарлайды dalanews.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, осы кезеңде ішкі туристер саны 10 пайызға өсіп, 8,6 миллион адамға жеткен. Ал қонақүйлер мен демалыс орындары көрсеткен қызмет көлемі 17 пайызға артып, 350 миллиард теңгені құрады.

Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай өсіп, 32,6 пайызға ұлғайып, 1,256 триллион теңгеге жеткен. Елімізге келетін саяхатшылар санын арттыру үшін 84 мемлекеттің азаматтарына визасыз кіру мүмкіндігі берілген. Сондай-ақ 102 елдің азаматтары Қазақстанның электрондық визасын рәсімдей алады.

Қазіргі таңда Қазақстан 30 елмен халықаралық әуе қатынасын жүзеге асырады. Барлығы 145 бағыт бойынша аптасына 812 халықаралық рейс орындалады.

Сонымен қатар Кендірлі, Зайсан және Қатонқарағайда жаңа әуежайлардың құрылысы жүріп жатыр. Арқалық әуежайы қайта жаңғыртылуда. Бұдан бөлек, Алматы, Үржар, Шымкент және Павлодар әуежайларындағы терминалдар мен ұшу-қону жолақтары жаңартылуда.

Туристік инфрақұрылымды дамыту аясында Щучье-Бурабай курорттық аймағын, «Маңғыстау» туристік аймағын және Алматы тау кластерін дамытуға арналған кешенді жоспарлар әзірленген.