Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Айгерім Ілиясованың айтуынша, 2026 жылғы 19 шілдеде бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі ресми түрде іске қосылады. Алайда бұл жүйе бірден толыққанды жұмыс істейді деуге әлі ерте. Себебі бірыңғай QR арқылы төлем жасау үшін сатып алушының да, сатушының да банкі жүйеге қосылған болуы тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының айтуынша, Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерді жаңа жүйеге кезең-кезеңімен қосуды жоспарлап отыр. Сондықтан жүйе іске қосылған алғашқы апталарда қызметтің қолжетімділігі сатып алушы мен сауда орны қай банктің қызметін пайдаланатынына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
"Қазіргі таңда еліміздегі QR арқылы жасалатын төлемдердің шамамен 80%-ын Halyk Bank пен Kaspi бақылайды. Bloomberg агенттігінің есебіне сәйкес, оның ішінде төлемдердің шамамен 70%-ы Kaspi үлесіне тиесілі. Сондықтан бірыңғай QR жүйесінің енгізілуі, ең алдымен, орта және шағын банктердің нарықтағы орнын күшейтуі мүмкін", – деді Айгерім Ілиясова.
Сатып алушылар үшін қандай өзгеріс болады?
Сарапшының айтуынша, бірыңғай QR жүйесінің басты мақсаты – сатып алушыларға қай банктің қызметін пайдаланатынына қарамастан кез келген сауда орнында QR арқылы төлем жасауға мүмкіндік беру.
"Төлем жасау үшін клиент өз банкінің мобильді қосымшасын ашып, сатушының QR-кодын сканерлейді де, операцияны растайды", – деді ол.
Айгерім Ілиясованың пікірінше, егер барлық ірі банктер жүйеге толық қосылатын болса, сатып алушылар үшін төлем жасау әлдеқайда ыңғайлы болмақ.
"Клиентке енді белгілі бір дүкенде қай банктің терминалы орнатылғанына назар аударудың қажеті болмайды. Бұл адамдарға өзіне тиімді банкті еркін таңдауға мүмкіндік береді", – деді сарапшы.
Сауда орындарына қандай пайдасы бар?
Айгерім Ілиясованың айтуынша, эквайринг комиссиясын сауда орындарының өзі төлейді. Қазіргі уақытта оның мөлшері төлем сомасының шамамен 1%-ын құрайды. Бұл әсіресе шағын дүкендер үшін айтарлықтай шығын.
"Кәсіпкерлер бағаны қалағанынша көтере алмайды. Бұған халықтың сатып алу қабілеті, нарықтағы бәсеке, әлеуметтік маңызы бар тауарларға қойылатын мемлекеттік талаптар және жеткізушілердің саясаты әсер етеді", – деді ол.
Сарапшы мысал ретінде темекі өнімдерін келтірді.
"Темекі өнімдеріне қойылатын үстеме баға сатып алу құнының шамамен 10%-ын құрайды. Бұл жалпы айналымның шамамен 9%-ына тең. Ал шағын дүкендерде орташа үстеме баға сатып алу құнының шамамен 15%-ын немесе сату бағасының шамамен 13%-ын құрайды.
Осы кірістің шамамен 4%-ы сатушының еңбекақысына, 3%-ы салық төлеуге, тағы 1%-ы эквайринг комиссиясына жұмсалады. Қалған шамамен 5%-дың есебінен кәсіпкер жалдау ақысын, коммуналдық төлемдерді және басқа да шығындарды өтеп, өз табысын табуы керек", – деді Айгерім Ілиясова.
Оның пікірінше, бірыңғай QR жүйесінің енгізілуі банктер арасындағы бәсекені күшейтіп, уақыт өте келе бизнес үшін эквайринг қызметінің құнын төмендетуі мүмкін.
Банктер үшін қандай өзгеріс болады?
Сарапшының айтуынша, нарықтағы ең ірі банктер төлем ағынының және клиенттік базасының бір бөлігін жоғалтуға мүдделі емес. Сондықтан жүйенің толыққанды жұмыс істеуі үшін дәл осы жетекші банктердің бірыңғай QR жүйесіне қосылуы шешуші рөл атқарады.
"Бірыңғай QR клиенттердің бір банктен екіншісіне ауысуын жеңілдетеді және сатып алушылар мен кәсіпкерлердің бір ғана төлем экожүйесіне тәуелділігін азайтады", – деді ол.
Айгерім Ілиясованың пікірінше, бұл өзгерістен ең көп пайда көретіндер – орта және шағын банктер.
"Олар енді өздерінің QR желісінің көлемімен емес, мобильді қосымшасының сапасы, тарифтері және қосымша сервистері арқылы бәсекеге түсе алады.
Сонымен қатар әр банктің төлемдерді өңдеуге кететін шығындары әртүрлі. Сондықтан олардың эквайринг комиссиясының оңтайлы мөлшеріне қатысты өзара келісімге келе алуы маңызды мәселе болып қала береді", – деді сарапшы.
Ұлттық банктің міндеті қандай?
Айгерім Ілиясованың айтуынша, бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесінің бастамашысы – Ұлттық банк. Оның негізгі мақсаты – банктер арасындағы бәсекені дамыту және ұлттық төлем инфрақұрылымын нығайту.
"Реттеушінің міндетіне жүйенің сенімді жұмысын қамтамасыз ету, пайдаланушыларды алаяқтықтан қорғау, клиенттердің деректерін беру қағидаларын белгілеу және күмәнді операцияларды анықтау тетіктерін қалыптастыру кіреді", – деді ол.
Сарапшы бірыңғай QR жүйесінің іске қосылуы банктер үшін тең мүмкіндік қалыптастыратынын, алайда тек жүйеге формалды түрде қосылу жеткіліксіз екенін айтты.
"Ендігі негізгі міндет – жүйені бейімделу кезеңінен толыққанды жұмыс режиміне көшіру. Ол үшін сатып алушының да, сатушының да банкі бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесіне толық қосылуы тиіс. Әйтпесе бірыңғай QR өзінің басты міндетін толық орындай алмайды", – деп түйіндеді Айгерім Ілиясова.