Тараздағы саябаққа қатысты дау: кәсіпкер әкімдік пен полицияның әрекетін тексеруді талап етті

Тараздағы саябаққа қатысты дау: кәсіпкер әкімдік пен полицияның әрекетін тексеруді талап етті
Фото: видеодан скрин

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Таразда Бауыржан Момышұлы атындағы "Жеңіс" саябағына қатысты жер дауы бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Кейінгі уақытта жағдай ушығып, аттракциондардың электр қуатын ажыратуға полиция қызметкерлері де тартылған. Оның айтуынша, мұндай әрекетке негіз болатын сот шешімі жоқ, деп хабарлайды dalanews.kz.

Козачковтың жазуынша, 2018 жылы аумағы 15 гектардан асатын жер телімі қаланы көгалдандыру және абаттандырумен айналысатын "Жасыл-Ел-Тараз" ЖШС-нің жарғылық капиталына берілген. Кейін әкімдік саябақты дамыту үшін жеке инвестор тартуға шешім қабылдап, "TANDAMALY" жеке кәсіпкерлігімен жерді 15 жылға уақытша пайдалану туралы келісім жасаған.

"Кәсіпкер саябақты дамытуға 180 миллион теңгеден астам қаржы салып, аттракциондар орнатты", – деп жазды журналист.

Алайда біраз уақыттан кейін әкімдік шешімін өзгертіп, жерді қайтадан мемлекет меншігіне қайтарған. Соның салдарынан инвестордың құқықтық жағдайы белгісіз күйде қалып, ол мемлекеттік органдармен хат алмасып, мәселені құқықтық жолмен шешуге тырысқан.

Журналистің айтуынша, сол кезде-ақ қала прокуратурасы әкімдікке ұсыныс енгізіп, "TANDAMALY" кәсіпкерлігімен жасалған келісімді тек сот тәртібімен бұзуға болатынын көрсеткен.

"Бұдан бөлек, қадағалау органы осы жағдайға жол берген мемлекеттік қызметкерлерді жауапкершілікке тартуды талап етті", – дейді Михаил Козачков.

Оның сөзінше, сол кездегі бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов те кәсіпкердің құқығын қорғап, облыс және қала әкімдеріне арнайы хат жолдаған.

"Аттракциондардың жұмысын тоқтатуға ешқандай заңды негіз болған жоқ. Сол себепті олар осы уақытқа дейін жұмысын жалғастырып келді", – деп жазды журналист.

Козачковтың мәліметінше, биыл ғана "Жамбыл электр желілері" ЖШС-нің көмегімен аттракциондардың жұмысы тоқтатылған.

"Жалдаушыға электр қуатын өшіру туралы хабарлама жіберілді. Ал келісімшартқа сәйкес мұндай шара тек берешек болған жағдайда ғана қолданылуы тиіс еді", – дейді ол.

Оның айтуынша, кейін саябақ аумағынан трансформатор, одан соң электр генераторы шығарылған.

"Таразда жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның мүлкін полиция қызметкерлерін тарта отырып алып қоюға бола ма?" – деген сұрақ қояды журналист.

Осы оқиғадан кейін "TANDAMALY" жеке кәсіпкерлігі "Жамбыл электр желілері" ЖШС-не қарсы сотқа талап арыз беріп, компанияның әрекетін заңсыз деп тануды сұраған. Сонымен бірге кәсіпкер Бас прокуратураға арыз жолдап, әкімдік пен полиция қызметкерлерінің әрекеттерінің заңдылығын тексеруді талап еткен.

"Егер тексеру барысында олардың қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны анықталса, не болады?" – деп жазды Михаил Козачков.

Журналист тағы бір жайтқа назар аударған. Оның айтуынша, егер мемлекеттік органдардың мақсаты саябақтағы коммерциялық нысандарды алып тастау болса, онда неге аттракциондардың жанында жұмыс істеп тұрған мейрамханаларға қатысты ешқандай шара қабылданбай отырғаны түсініксіз.

"Таразда бұл қоғамдық тамақтану орындарының қала әкімі Бақытжан Орынбековтің туыстарына тиесілі екенін көпшілік жақсы біледі. Әлде балалар аттракциондарының шуы солардың тыныштығына кедергі келтіріп жүр ме?" – деп түйіндейді журналист.

Айта кетейік, бұл мәліметтер Михаил Козачковтың Telegram-арнасында жарияланған. Қазіргі уақытта әкімдік пен құқық қорғау органдары аталған жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.