Қазақстанда зейнет жасындағы және зейнеталды жастағы азаматтарға несие беру тәртібі күшейтіледі. Енді олар несие рәсімдеу үшін банк бөлімшесіне жеке өзі келуі тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа талап зейнет жасындағы және зейнеталды жастағы қазақстандықтарға қатысты қолданылады.
Ұлттық банк басшысы банк қызметкері клиентпен әңгімелесу барысында оның алаяқтардың ықпалында болуы мүмкін екенін байқаса және азамат несиенің нақты мақсатын түсіндіре алмаса, қаржы ұйымы несие беруден бас тартуға міндетті болатынын айтты.
«Мұндай жағдайда несие беруден бас тарту банк үшін міндетті талап болады», – деді Тимур Сүлейменов.
Ол бұл талаптардың сақталуын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банк қадағалауы аясында бақылап отыратынын атап өтті. Ұлттық банк төрағасының сөзінше, енгізіліп отырған шаралар алаяқтардың әрекетінен халықтың ең осал санаттарын қорғауға бағытталған.