32 жыл бұрынғы зорлау ісі: Калымбетова Тоқаевтан тергеуді жеке бақылауға алуды сұрады

32 жыл бұрынғы зорлау ісі: Калымбетова Тоқаевтан тергеуді жеке бақылауға алуды сұрады
Ulys Media

Осыдан 32 жыл бұрын топтық зорлық көргенін айтқан Наталья Қалымбетова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жасап, қылмыстық істің тергелуін жеке бақылауына алуды сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жәбірленушінің айтуынша, ұзақ жылдар бұрын болған қылмыс бойынша тергеу тоқырауға тірелген. Оның сөзінше, іс бойынша күдіктілер де, куәгерлер де жоқ, ал басты дәлел ретінде АҚШ-та тұрып жатқан қызы ғана қалған.

«Қазір іс бір орында тұр. Себебі куәгерлер де, дәлелдер де жоқ. Жалғыз дәлелім – мені аяусыз зорлаған адамдардан дүниеге келген қызым. Менің білуімше, қызым АҚШ-та тұрады. Егер ДНҚ сараптамасы жүргізілсе, әкелік фактісі анықталып, қылмыс дәлелденер еді», – деді Наталья Қалымбетова.

Оның айтуынша, 17 жасында бірнеше адамның зорлығына ұшырағаннан кейін жүкті болған. Алайда отбасы мен оқу орны әкімшілігінің қысымымен дүниеге келген қызын перзентханада қалдыруға мәжбүр болған. Кейін сәби басқа отбасыға асырап берілген.

Жәбірленуші тергеу органдары ДНҚ сараптамасын жүргізуге қатысты нақты нәтиже көрсетпей отырғанын айтып, Мемлекет басшысынан істі жеке бақылауына алуды өтінді.

Бұған дейін Наталья Қалымбетова әлеуметтік желіде 32 жыл бұрын Батыс Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде төрт жергілікті тұрғынның тарапынан топтық зорлыққа ұшырағанын мәлімдеген болатын. Қоғамдық резонанстан кейін Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Тергеу әрекеттеріне қатысу үшін Қалымбетова Таиландтан Қазақстанға келіп, оқиға орнына барып, ресми жауап берген. Алайда қазіргі уақытта іс бойынша ешкім күдікті ретінде танылмаған және ешкім ұсталған жоқ.