Тоқаев Көбейтұз көлін ерекше қорғалатын табиғи аумаққа айналдыруды тапсырды

Тоқаев Көбейтұз көлін ерекше қорғалатын табиғи аумаққа айналдыруды тапсырды
dwc.kg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие болады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Осы мақсатта «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы кеңейтіліп, оның құрамына Көбейтұз көлінің акваториясы енгізіледі, деп хабарлайды Dalanews.

Бұл шешім көлдің бірегей экожүйесін қорғауға бағытталған. Елордадан 160 шақырым жерде орналасқан Көбейтұз суының ерекше қызғылт түсімен танымал және жыл сайын мыңдаған туристі қабылдайды.

Келушілер санының артуына байланысты Ақмола облысының әкімдігі көл маңындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын бастайды. Жоба аясында бақылау алаңы мен автотұрақ салынып, туристердің табиғи нысанды қауіпсіз тамашалауына жағдай жасалады. Бұл ретте көлдің нәзік экожүйесіне зиян келтірмеу басты талап ретінде сақталады.

Көбейтұзды табиғи қалпында сақтау мемлекеттің экологиялық саясатының маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейту де осы мақсатқа қызмет етеді.

Сонымен қатар көлді қорғау және жағалауды абаттандыру жұмыстары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында жүзеге асырылады.

Бұған дейін Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жүргізген зерттеу нәтижесінде көл суындағы аммонийлі азот, аммиак, хлоридтер, мышьяк, сульфаттар және басқа да бірқатар заттардың мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан жоғары екені анықталған. Осыған байланысты Көбейтұзда шомылуға және жағалаудан тұз жинауға қатаң тыйым салынған.

Абаттандыру жұмыстары жүргізілетін кезеңде көлге кіру уақытша шектеледі. Жағалау сызығына жақындауға және белгіленген шектеу аймағына өтуге рұқсат берілмейді. Көлге апаратын жолдарда тәулік бойы бақылау бекеттері қойылып, аумақты полиция қызметкерлері мен уәкілетті органдар бірлесіп күзетеді.

Ақмола облысының әкімдігі тұрғындар мен туристерді табиғатты қорғау талаптарын сақтауға және Көбейтұздың бірегей экожүйесін келер ұрпақ үшін бірге қорғауға шақырды.