Егіздің сыңары: министрлік 19 жастағы сарбаздың өліміне қатысты не дейді?

Сағыныш Сардарова 03 қаз. 2025 14:07

Қорғаныс министрлігі Алматы облысында көз жұмған 19 жастағы сарбаз Дінмұхаммедтің өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қорғаныс министрінің орынбасары Серік Борамбаевтың айтуынша, қазір тергеу жүріп жатыр.

"Кез келген пікір қате таралып, зиян келтіруі мүмкін. Бұл – ата-ана үшін үлкен қасірет, біз үшін де ауыр соққы. Біз, командирлер, әскерге келген әрбір сарбазды жеке танимыз. Бір жылдық қызметтегі барлық жетістігін бірге бөлісеміз. Ал мұндай сәттер бізге де өте ауыр, әсіресе, қасында жүрген командирлер үшін. Қалай болса да, бұл - ата-ана үшін орны толмас қаза", - деді шенеунік.

Айта кетейік, жуырда әскерде тағы да қайғылы жағдай болды. Алматы облысы Жамбыл ауданы Мәтібұлақ ауылында орналасқан №01098 әскери бөлімінде 19 жастағы мерзімді сарбаз Дінмұхамед Шынарбек өлі табылды. 

Марқұмның әпкесінің сөзінше, 2024 жылы күзде әскерге Даниял Шынарбек шақырылса, көктемде оның егізі Дінмұхаммед әскер қатарына алынған. Екеуі де Отар гарнизонында қызмет еткен.

Отбасына марқұм суицид жасады деген хабар жеткен, алайда туған-туыстары бұл нұсқаға сенбейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар