Әлеуметтік желіде Павлодар облысы Қоянды ауылдық округінің әкімі Ержан Оразәлімов пен жергілікті фельдшер арасында болған оқиға қызу талқыға түсті. Кейбір ақпарат көздерінде әкімнің фельдшерге қол көтеріп, зардап шеккен адамның миы шайқалғаны айтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Павлодар облыстық полиция департаменті бұл дерекке қатысты ресми мәлімдеме жасады.
“Жанжал кешкі уақытта, олардың қызметтік міндеттеріне қатысы жоқ жағдайда, ортақ шараға қатысу кезінде болған. Оқиға тұрмыстық сипатқа ие және кәсіби қызметіне байланысты емес. Қатысушылар өзара татуласты, бір-біріне арыз-шағымдары жоқ”, – делінген ведомство хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін "Үздік әкім" атанған Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырға балабақша қызметкерін ұрды деген айып тағылған еді.
Сотта даулы іс қаралды.
Тергеу материалдарына сәйкес, өткен жылдың соңында 39 жастағы әкім жергілікті балабақшаның тәрбиешісін ұрып-соғып, басына және бетіне бірнеше соққы жасаған. Сондай-ақ, оқиға кезінде балағат сөздер айтқаны да көрсетілген. Дәрігерлер жәбірленушіге «ми шайқалуы» деген диагноз қойған.
Зардап шеккен тәрбиеші өзінің әкіммен жақын қарым-қатынаста болғанын айтқан. Алайда Қазбек Аққайыр бұл айыптаулардың барлығын жоққа шығарып отыр.
Бұл әкімнің аты бірінші рет дау-дамайға іліккен жоқ. Биылдың өзінде Әдеп жөніндегі кеңес оған екі рет тәртіптік жаза қолданған. Сондай-ақ, тұрғындармен дөрекі сөйлегені үшін де бірнеше шағым түскен.
Айта кетейік, Қазбек Аққайыр 2020 жылы республикалық "Үздік ауыл әкімі" байқауында жеңімпаз атанған болатын.