Руфина Усанова: «Бірлік – қасиетті елдің мойнына таққан тұмары»

Dalanews 18 қыр. 2021 11:02 1380

Қазыналы қазақтың бар байлығы ел іргесіндегі тыныштығы. Береке мен бірлігі тонның ішкі бауындай қабысқан ұлттың ғана көсегесі көгеріп, керегесі кеңейеді. Бұл – өзгермес қағида. «Тату елге тоқшылық нәсіп» деп Күлтегін бабамыз айтқандай, ел мүддесі жолында ұйыса алатын халық қана молшылыққа кенелері анық.

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясында: «Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз», – деген болатын. Көп ұлтты мемлекетіміздің татулығы, Алаштың асығының ашлысынан түсуіне жылдар бойы себепші болып келеді. Тұғырына қонған, саяси аренада өзіне сай тұрпаты бар тәуелсіз елдің шаңырағын шайқалтпау осынау елдің әр перзентінің парызы десек, Қазақстан халқы Ассамблеясының алдындағы абыройлы міндет. Осыған орай, Жетісу облысының «Туған тел» татар мәдени орталығының төрайымы Руфина Усановамен әңгімелесіп, көкейдегі сауалымызға жауап алдық.

 

– Руфина Қасымқызы, бірлік – бір тұтас мемлекет құрып, оның болашағын баянды етудегі ең басты фактор екені даусыз. Осы тұрғысынан келгенде Қазақстан халқы Ассамблеясының басты миссиясы қандай, ол орындалып жатыр ма?

– Кез-келген елдің тұрақты дамып, жаһандық бәсекелестік алаңында жоғары деңгейден көріне алуы ең алдымен мемлекет ішіндегі береке-бірлікке, қоғамдық тұтастыққа, халықтың ынтымағына байланысты.

Бүкіл қазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) маңызды рөл атқарады.

Ассамблея тілді дамытуға да, медиацияны өркендетуге де, қайырымдылықты жандандыруға да, тіпті, қоғамдағы ірілі-ұсақты мәселелерді шешуде де көшбасшы болып келеді.

Әлем елдерінде баламасы жоқ институттың құрылғанына 25 жылдан асты. Осы уақыт аралығында өзіне жүктелген міндетті асқан жауапкершілікпен атқарып келеді. Ассамблеяның негізгі миссиясы – қоғамдық келісім орнату.  Қазақ топырағындағы татулықтың бірегей моделі ұлттар достығы мен өзара келісімінің арқасында қалыптасты. Тіпті, ел дамуының басты сыры да ынтымағымызда. Бұның барлығы мемлекеттің мерейі десек, Ассамблея соның бастау шыңы, һәс ұйытқысы болып, мойнындағы міндетін халықтың сеніміне селкеу түсірмей орындап келеді.

–  «Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы» Заңда «Ассамблея мемлекеттiк ұлттық саясатты iске асыруға белсене қатысуға тиiс» делінген. Ендеше, Ассамблея өз кезегінде ұлттық саясатқа қалай әсер етеді?

– Ассамблеяның негізгі міндеттері мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, қоғамдағы этносаралық келісім мен толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау, халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негізгі құндылықтары бойынша қоғамдық консенсусты қолдау және дамыту болып табылады.

Бұдан басқа, Ассамблея мемлекеттік органдарға қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің көріністеріне қарсы іс-қимылда, демократиялық нормаларға сүйенетін азаматтардың саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруда көмек көрсетеді.


«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңда атап көрсетілгендей, қазақ халқымен тарихи тағдыры біріктірген Республиканың барлық азаматтары біртұтас Қазақстан халқын құрайды және ұлтына қарамай барлығы тең құқыққа ие. Бұл Қазақстан Республикасының ұлттық саясатының ең басты қағидасы ретінде негізделген. Соның нәтижесінде мемлекеттің тұрақты дамуы және реформалардың дұрыс жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге этносаралық келісім саясаты басым бағыт болып саналады.

– Этносаралық келісім дедіңіз, қазақстанның байлығы – халықтар достығымен астасатыны баршаға мәлім, олай болса, қоғамдық келісімнің мән – маңызына тоқталсаңыз. Оның ел өміріндегі орны қандай?

– Әр түрлі әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бұл бүкіл қоғамның күш-жігерінің нәтижесі. Қоғамдық келісімді нығайту қазіргі заманғы тиімді мемлекеттің негізгі факторларының бірі болып табылады.

Мемлекет ішінде шоғырландыруға қол жеткізбей, алға жылжу, экономиканы тұрақтандыру, реформаларды одан әрі тереңдету мүмкін емес. Өмірдің өзі жаңа қоғам құру жолы қарама-қайшылық арқылы емес, халықтар арасындағы келісім арқылы іске асатыны бесенеден белгілі.  Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық келісім – билік пен халық арасындағы алтын көпірдің қызметін атқаруда.

– Халықтар арасындағы келісім мен сенім көкжиегін кеңейту үшін не істеу қажет?

– 100-ден астам этнос өкілі тұратын дархан елдегі ынтымақ көптің көзін қызықтыратыны рас. Дегенгмен кез-келген істе оған дем беріп, жан бітіріп отырмасың оның өмірі қысқа болуы бек мүмкін.

Сол себепті де ұлттар арасындағы қыл өтпес достықты сақтап қалу барша халықтың жауапкершілігіндегі іс. Өзара келісім мен сенім «Қазақ» деген ұлы шаңырақтың астына топтасуға мүмкіндік берді. Бірі астыға бірі үстіге «аққу, шортан, һәм шаян» сынды әркім өзіне тартқанда әлем тамсанған бірліктің озық үлгісін көрсете алмас едік.


Қазақтың басындағы бағыда көлдей көңілімен, сондағы нәзік «сенім» жібінің үзілмеуімен тікелей байланысты емес пе!?  Ұлттар арасындағы көзге көрінбес жылылық қана келісім мен сенімнің көкжиегін кеңейтеді деген пайымдамын. Мен айтқан жылылықтың қайнар көзі – адамгершілік. «Адамның ұяты бетінде, адамгершілігі ниетінде» деген дана сөз бар. Осыны ескере келе, ниетімізді тураласақ біздегі сенімге селкеу түспесі анық.

 

Түйін: 

Бірлік – бабалар аманатындай, қасиетті елдің мойнына таққан тұмары, тектіліктің тамыры болды. Тәуелсіздік жылдары осы бір тектілік бүр жарып, қоғамдық келісім болып гүлдеді. Атағы айға жеткенде, аты озған жүйрікте, жауырыны жерге тимеген палуанда ынтымақтың алдында тізі бүгіп, тыныштықтың қамалын бұза алмайтындығы осының айқын дәлелі.   Ассамблея ол – құнын жоғалтпаған ұлттық бірегейліктің үлгісі!

Сұхбаттасқан Анар Сабырова

Жетісу облысы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар