Президент батыс бағыттағы жол құрылыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz
"Мемлекет басшысы Үкіметке «Торғай – Ырғыз» және батыс өңіріне бағытталған өзге де автокөлік жолдарының құрылысын жеделдетуді тапсырды", - деп жазды Руслан Желдібай.
Айта кетейік, автожол құрылысы 2025 жылдың 14 маусымында басталған болатын. Жаңа бағыттың арқасында Астана мен Ырғыз арасындағы арақашықтық 573 шақырымға қысқарады.
Құрылыс жұмыстары бір уақытта екі нүктеде – Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Жанкелдин ауданына қарасты Торғай ауылында басталды. Құрылыс "Астана – Жәнтеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз" бағыты бойынша жүргізіліп жатыр. Жолдың жалпы ұзындығы – 865 шақырым.