Қазақстанға Ресейден төрт Амур жолбарысы жеткізілді

Қазақстанға Ресейден төрт Амур жолбарысы жеткізілді
shutterstock.com

"Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватына Ресей Федерациясынан төрт Амур жолбарысы жеткізілді. Олардың екеуі – ересек дарақ, ал екеуі – жолбарыс төлі. Осылайша, Орталық Азия аумағында жолбарыс популяциясын қайта қалпына келтіру жобасы нақты іске асыру кезеңіне өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстанға әкелінген жыртқыштар Хабаровск өлкесіндегі жабайы табиғаттан ұсталып, арнайы бағдарлама аясында елімізге берілген. Мамандардың айтуынша, олар осы өңірде 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен тұран жолбарысының экологиялық орнын алмастыруы тиіс.

Бұл бастама бір күнде қолға алынған жоба емес. Қазақстан жолбарыстарды тарихи мекеніне қайтару идеясын 2010 жылы Санкт-Петербургте өткен жаһандық форумда көтерген болатын. Содан бері қазақстандық, ресейлік және Халықаралық табиғат қорғау одағының мамандары кең көлемді ғылыми зерттеулер жүргізді. Жобаға қажетті табиғи, ғылыми және ұйымдастырушылық дайындық бірнеше жыл бойы кезең-кезеңімен атқарылды.

Бағдарламаның соңғы құқықтық және ұйымдастырушылық шешімдері 2025 жылғы 12 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған мемлекеттік сапары кезінде қабылданды. Сол кезде екі елдің Экология министрліктері жолбарыстарды Қазақстанға жеткізуге қатысты нақты іс-шаралар жоспарына қол қойған еді.

Жыртқыштарды жерсіндіру үшін Оңтүстік Балқаш өңірі, нақтырақ айтқанда, Іле өзенінің атырауы маңы таңдалды. Бұл аумақ мамандардың көпжылдық зерттеуінен кейін ең қолайлы мекен ретінде белгіленген. Жобаны жүзеге асыру мақсатында арнайы "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Мұнда жолбарыстардың өмір сүруіне қажетті табиғи орта мен қоректік база қалпына келтіріліп, жануарларды қабылдау, бейімдеу және бақылау үшін заманауи инфрақұрылым жасалды.

Қазір резервке жеткізілген жолбарыстар арнайы дайындалған қоршауларға орналастырылды. Олар мамандардың тұрақты бақылауында болады. Алдымен жануарлар карантиндік кезеңнен өтеді, содан кейін біртіндеп жергілікті табиғи ортаға бейімделеді.

Жолбарыстарды жабайы табиғатқа жібермес бұрын олардың мойнына спутниктік қарғыбаулар тағылады. Бұл құрылғылар мамандарға жыртқыштардың қозғалысын тәулік бойы онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қандай да бір қауіп немесе төтенше жағдай туындаса, жауапты қызметтер жедел әрекет ете алады.

Мамандар бұл жобаны Қазақстан табиғатын қалпына келтіру бағытындағы тарихи қадамдардың бірі деп бағалап отыр. Егер бағдарлама сәтті жүзеге асса, Іле-Балқаш өңірі болашақта Орталық Азиядағы жолбарыстардың жаңа мекеніне айналуы мүмкін.