Соңғы бес жылда «Педагог мәртебесі туралы» заңнан басталған өзгерістер мұғалімнің айлығын көтеріп қана қойған жоқ, оның кәсіби жолына, әлеуметтік беделіне, тіпті ауыл мен қала арасындағы білім беру теңгеріміне жаңа серпін берді. 2020 жылдан бері жалақының екі есеге жуық өсуі, қосымша үстемақылардың енгізілуі, еңбек өтілі мен біліктілікке қарай қолдау тетіктерінің кеңеюі ұстаздық кәсіптің қайтадан ең тартымды мамандықтардың біріне айналуына жол ашты.
Бұрынғыдай мұғалімдікке бару балама болмаған жағдайда қарастырылатын. Енді жоғары балл жинаған түлектердің өзі саналы түрде таңдайтын бағытқа айналды. Бұған тек айлық емес, мұғалім еңбегінің қоғамдағы маңыздылығы, кәсібиліктің беделі, әрі қарай дамуға ашық баспалдақтар себеп болып отыр.
Әсіресе ауыл мектептері ерекше назарда. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты қысқарту мақсатында ауыл ұстаздарының еңбекақысы қаладағы әріптестерінен кем дегенде 25 пайызға жоғары белгіленді. Бұл шешімнің астарында әділет қағидаты ғана емес, ауылда кадр тапшылығы болдырмау да жатыр. Үстемақы жастардың ауылға барып еңбек етуін қамтамасыз етуді көздейді. Қазіргі таңда елімізде 406 мың педагог жұмыс істесе, оның 58 пайызы ауылдық жерде. Бұл статистиканың өзі ауыл мектебінің елдің білім жүйесінде шешуші орын алатынын айқын көрсетеді.
Дегенмен мұғалімнің мәртебесін ақша ғана ұстап тұра алмайды. Айлығы екі есе өскен ұстаздың әдістемесі ескі күйінде қалса, сыныптағы оқыту тәжірибесі де алға жылжымайды. Сол себепті соңғы жылдары кәсіби дамудың үздіксіздігіне ерекше мән берілуде.
Мұғалім мәртебесін ұзақ мерзімде ұстап тұратын сенімді инвестиция – мектеп ішіндегі көшбасшылық. Қазірдің өзінде тәжірибелі ұстаздардың көпшілігі үшін мансап жолы тек директорлық қызметпен шектеледі. Бірақ педагогикалық ортада жаңа жолдар қажет: «үздік пән жетекшісі – тренер – әдістемелік хаб жетекшісі – сарапшы» сияқты көлденең әрі тік траекториялар ұстазға кәсіби өсуге мүмкіндік береді.
Сонда білікті мамандар мектептен кетпей, тәжірибесін жас әріптестерге беріп, ортақ кәсіби мәдениет қалыптасады. Ал бағалау жүйесі бір реттік тестке емес, сабақтағы өзгерістер кешеніне негізделсе, мұғалімнің еңбегі шынайы бағаланып, мансап сенімге, ал сенім нәтижеға айналады.
Мұндай реформалар ұстаз мамандығының беделін көтеріп қана қоймай, бүкіл қоғамға әсер етеді. Себебі мектеп – әрбір қазақстандықтың бастау алған жері. Егер мұғалімнің мәртебесі жоғары болса, балаға берілетін білім де сапалы болады. Осы тұрғыдан алғанда, соңғы бес жылда жасалған қадамдар білім саласының ішкі тамырына қан жүгірткен реформалар болып отыр. Ендігі міндет – осы бағытты тоқтатпай, ұстаз еңбегін ұзақ мерзімді перспективада тұрақты қолдаудың жаңа тетіктерін табу. Өйткені білімді ұрпақ пен оны тәрбиелейтін ұстаз – елдің ең сенімді капиталы.