Олигарх Тимур Құлыбаевтың мұнайгаз саласынан кетуі мүмкін бе?

Кәмшат Тілеухан 15 там. 2025 10:57

Олигарх Тимур Құлыбаев мұнайгаз бизнесі саласынан кетуі мүмкін. Мұндай болжамды Nege.kz сайты өз дереккөзіне сілтеме жасап, хабарлайды, деп жазады Dalanews.kz.

Nege.kz сайтының мәліметінше, "Joint Resourced" холдингі екі жыл қатарынан шығынға ұшырауда. 2024 жылы компания 86 миллиард теңге шығынға батса, ал  биылғы жылдың жартысында 3,5 миллиард теңгеге минусқа кіріп отыр. 

"Joint Resourced" АҚ – Тимур Асқарұлының шикізаттық, мұнай-газ бизнесін біріктірген басқарушы компания. Бірақ ол былтырдан бері өзінің бақылауындағы компаниялардың барлығын сенімді басқаруға тапсырып, олардың операциялық тірлігіне араласуды қойған. Тек олардың таза пайдасынан дивиденд алып қана отыр.

"Құлыбаев өзінің шикізаттық, мұнай-газ өндіру бизнесінен кетуі ғажап емес. Ол тек банк, қаржы саласындағы активін, дәлірек айтқанда, Halyk тобындағы үлесі мен жылжымайтын мүлікті басқару және ритейлді сақтап қалуы мүмкін. Себебі қазір тек қаржы саласы ғана олигархқа айтарлықтай кіріс әкеліп отыр. Біздің ойымызша Құлыбаев Halyk тобымен қатар Кипрос пен Mercury Properties басқарушы компанияларына иелік етуін жалғастыра береді. Соңғы екі компания Viled премиум әшекей фирмасын, Qazaq Oil жанар-жағармай бекеттері желісін, Бахус арақ-шарап зауытын және бизнес-орталықтардағы коммерциялық мүліктерді басқарады. Ал оларға сұраныс төмендеген жоқ", делінген басылымда.

Мұнай саласының маманы Нұрлан Жұмағұлов өзінің Telegram арнасында бұл ретте былай деп жазады:

"Қаңтар оқиғасынан кейін Құлыбаевтың командасы мұнайгаз активтерін  (Каспий нефть, Алмэкс Плюс, Кристалл Менеджмент) бір қолға 945 млн долларға сатуды қарастырғаны есімде. Бірақ, соңында олар бұл ойынан айнып қалған. Ал өткен жылы ірі мұнайгаз активі – Каспий нефтьке экологиялық бұзушылықтар үшін 30 млн доллар айыппұл салынды. Бұл елімізде Экологиялық кодекс қолданысқа енгізілгелі бергі төленген ең ірі айыппұл болды".

Бұған дейін сайтымызда Құлыбаевтың "Halyk" қоры Жаңаөзенде халықаралық деңгейдегі спорт кешенін салып жатқанын жазғанбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар