Qarmet металлургтері құрметті марапаттарға ие болды

Qarmet металлургтері құрметті марапаттарға ие болды

Qarmet компаниясында металлургия комбинаты қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Көп жылғы адал еңбегі мен өнеркәсіптің дамуына қосқан үлесі үшін кәсіпорын қызметкерлері III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды. Салтанатты рәсімді Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ашты, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өндірісті жаңғырту, бәсекеге қабілетті өнім шығаруды арттыру және жаңа технологияларды енгізу жөнінде нақты міндеттер қойды. Алайда саланың одан әрі дамуы кәсіби мамандарсыз мүмкін емес. Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз, жоғары жауапкершіліктеріңіз бен мамандыққа адалдықтарыңыз – барлық жетістіктің негізі», – деді министр.

«Еңбек даңқы» төсбелгісі – саладағы маңызды марапаттардың бірі. Ол көп жылғы адал еңбегі, жоғары өндірістік көрсеткіштері және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін табысталады. Министр қазақстандық металлургия саласының стратегиялық маңызын да атап өтті. Бұл салада 200 мыңнан астам адам еңбек етеді және ол ел экономикасының 8 пайыздан астамын құрайды.

Жоғары марапаттарға тау-кен металлургиясы саласының дамуына ұзақ жылдар бойы сүбелі үлес қосып келе жатқан жұмысшы және инженерлік-техникалық мамандық иелері ие болды. Марапатталғандардың қатарында домна пештерінің горновойлары, агломератшылар, өндірістік учаске бригадирлері, машинистер, инженерлер және өзге де мамандар бар.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов металлургтердің күнделікті еңбегі өңір мен елдің индустриялық дамуының басты тірегі екенін атап өтті.

«Өңір мен тұтас ел экономикасының негізін дәл сіздердің еңбектеріңіз қалыптастырады. Бүгінде Qarmet дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Қазір ауқымды жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Металлург мамандығы артық сөзді қажет етпейді. Оның нәтижесі өндірілген металл көлемімен, қабылданған шешімдердің дәлдігімен және жауапкершілікпен өлшенеді. Жас мамандарға арнайы үндеу жасағым келеді. Тәжірибелі әріптестеріңізден үйреніңіздер, кәсіпорынның еңбек дәстүрін құрметтеңіздер, кәсіби білімдеріңіз бен дағдыларыңызды үнемі жетілдіріп отырыңыздар. Ең бастысы – өндірісте қауіпсіздік әрдайым бірінші орында екенін ұмытпаңыздар. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Әрбір жетістігіміз еліміздің дамуына қосылған маңызды үлес болсын!», – деді Ермек Алпысов.

«Жақтау» металлургтер кәсіподағының төрағасы Виктор Щетинин ұжымға қолдау көрсету мен кәсіпорын қызметкерлерімен ашық диалогты дамыту бірлескен жұмыстың маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.

«Біз үшін қызметкерлердің пікірін тыңдау, ұсыныстарын ескеріп, өндірістің тұрақтылығы мен әрбір қызметкердің әл-ауқатына әсер ететін мәселелерді бірге шешу аса маңызды. Бүгін баршаңызға адал еңбектеріңіз, кәсібиліктеріңіз және кәсіпорынның дамуына қосқан зор үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз зор құрмет пен жоғары бағалауға лайық. Өздеріңізге және отбасыларыңызға зор денсаулық, амандық пен бақ-береке тілеймін. Комбинатымыздың жұмысы тұрақты әрі қауіпсіз болып, жаңа жетістіктерге жетіп, қарқынды дами берсін. Кәсіпорнымыз бен туған қаламыздың болашағы жарқын әрі өркенді болсын! Мерекелеріңіз құтты болсын!», – деді Виктор Щетинин.

Марапатталғандардың бірі – құбырларды электрмен дәнекерлеу цехының ауысым шебері Ардақ Нұралыұлы Сағадиев. Ол еңбек жолын кәсіпорында 18 жасында бастап, ажарлаушыдан өндірістік ауысым басшысына дейінгі жолдан өткен.

«Бұл кәсіпорында 18 жасымнан бері жұмыс істеймін. Алғашында ажарлаушы болдым, кейін бригадир қызметіне көтерілдім. Одан соң технолог-оператор болып ауысып, ауысыммен еңбек еттім. Осы жерге келгеннен бері осы кәсіпорында қалып қойдым. Бұл жер менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгін алғаш рет осындай құрметті марапатқа ие болдым. Қуанышым ерекше. Бұл – еңбегімнің мойындалғанының белгісі әрі үлкен мәртебе. Осындай жоғары бағалағаны үшін компанияға алғысым шексіз», – деді металлург.

Марапатталғандардың қатарында Qarmet металлургия комбинаты теміржол көлігі басқармасының жол монтері Салтанат Дүйсембайқызы Сүлейменова да бар.

«Осындай жоғары марапатқа ие болғаныма өте қуаныштымын. Әріптестерім үшін де қуаныштымын. Толқынысымды сөзбен жеткізу қиын. Еңбегің мен атқарған жұмысыңның лайықты бағалануы – ерекше сезім. Барша әріптестерімді Металлург күнімен құттықтаймын. Ең бастысы – бәріміз аман-сау болайық!», – деді ол.

Марапаттау рәсімі Металлург күніне арналған мерекелік іс-шаралардың ең маңызды сәттерінің бірі болды. Ол тағы бір мәрте Qarmet-тің барлық жетістігінің негізінде адамдардың еңбегі тұрғанын көрсетті. Қызметкерлердің тәжірибесі, кәсібилігі және өз ісіне деген адалдығы кәсіпорынның тұрақты дамуына, еңбек дәстүрін сақтауға және жаңа өндірістік белестерді бағындыруына жол ашып келеді.