Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2026 жылғы 16 шілдеде тұтанған ірі орман өртінің 18 шілде күні сағат 09:45-те толық оқшауланғанын хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, өртті сөндіруге Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Семей орманы» және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттарының қызметкерлері жұмылдырылды. Сонымен қатар, «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының күштері, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің бөлімшелері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен жергілікті атқарушы органдардың мамандары да қатысты.
Жалпы өртті сөндіруге 769 адам, 191 бірлік жерүсті техникасы және 8 тікұшақ тартылды. Әуе техникасы өрт басталғалы бері 319 мәрте су төгіп, тілсіз жау ошағына жалпы 709 тонна су жеткізді.
Қазіргі уақытта өрттің қайта тұтануына жол бермеу және жағдайды толық бақылауда ұстау жұмыстары жалғасып жатыр.