Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жыл соңына дейін аяқталатын құрылыс кешендері туралы жазды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Жыл соңына дейін құрылысы ұзаққа созылған тағы 9 тұрғын үй кешенін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Олардың арасында 13 жылдан бері баспанасының құрылысы аяқталғанын күтіп жүргендер де бар!
«Араби 2 - Гранитный 2» тұрғын үй кешенінің құрылысымен таныстым. Бұл тұрғын үй кешені 11 жыл бұрын проблемалы деп танылған. «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-ға тапсырар кезде тұрғын үй кешенінің тіпті жер учаскесі де болмаған. Жер телімін бөлу, барлық қажетті рәсімнен өту бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Қазіргі уақытта Б блогы бойынша құрылыс-монтаж жұмысы жүріп жатыр.
Сол сияқты «Садовые кварталы» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2011 жылы басталған. ЕҚК-ге тапсырар алдында қадалары мен шұңқыры ғана болған. Қазіргі уақытта екінші белгі бойынша бесінші-алтыншы блоктарда пәтерлердің ақауларын жою және оларды абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Төртінші белгі бойынша жалпы пайдалану орындарын әрлеу, еден төсеніштерін құю, әлсіз желілерді монтаждау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Соңғы жылдары құрылысы ұзаққа созылған 140-тан астам тұрғын үй кешені аяқталды. 15,5 мыңға тарта үлескер отбасы көптен күткен пәтерінің кілтін алды.
Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында, – деп елорда әкімі Жеңіс Қасымбек ойын ортаға салды.