Алматы сотында жазда болған автобус апатына қатысты іс бойынша ашық сот талқылауы басталды. Жол апатынан бір адам қаза тауып, 25 жолаушы әртүрлі дәрежеде жарақат алды. Сот отырысында прокурор айыптау қорытындысын оқыды, - деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Сотталушы С.-ға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі ("Абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет") бойынша айып тағылып отыр.
Мемлекеттік айыптау бойынша 2024 жылғы 26 маусымда Kia Sportage көлігінің жүргізушісі Масанчи көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, сағат 13:55-те Мақатаев көшесінің қиылысына жеткен. Жол қозғалысы ережелерінің 13.101-тармағын бұзып, "жол беріңіз" жол белгісін елемей, Мақатаев көшесінің жол бөлігіне шыққан. Салдарынан автобуспен соқтығысқан.
"Автобус бағдаршамға соғылды, кейін тротуарға шығып, дүкенге соғылды. Апат салдарынан автобус жолаушыларының бірі оқиға орнында қаза болды. Дене жарақаты бар жолаушылар медициналық мекемеге жеткізілді", - деді прокурор.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушының жол қозғалысы ережелерін бұзғанын, бұл абайсызда адамның өліміне әкеп соққанын айтты. Осылайша, оның әрекеттері ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық ретінде сараланады.
Сотталушы сол күні көлікпен үйіне қарай бет алғанын айтты. Ол кезде қызы небәрі төрт айлық болғандықтан, оны тамақтандыру үшін жұмыстан келе жатқан.
"Мен солға қарадым, барлық көліктің өткенін күттім, Масанчи көшесінен бағдаршам болмағандықтан, қозғала бастадым және соққыны сезіндім. Бір сәтте есімнен танып қалдым. Оянғаннан кейін автобусты көрдім, оған жүгіру үшін көліктен түспек болдым, есік кептеліп қалды, оны итеріп жібердім, адамдар бірден маған қарай жүгірді, бірақ автобуcқа қарай беттедім. Жедел жәрдем шақырып, аяғына дейін болдым", - деді сотталушы.
Сараптама сотталушы сағатына 20 шақырым жылдамдықпен жүргенін көрсетті. Сотталушының көлік жүргізу өтілі - тоғыз жыл. Бұрын ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Сотта сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінген. Ол барлық жәбірленушіден көпшілік алдында кешірім сұрады.
Сонымен қатар, сотталушының адвокаты соталды тергеу барысында айыпталушының туыстары зардап шеккендермен кездесіп, келтірілген залалды толығымен өтегенін хабарлады.
"Жәбірленуші тарап моральдық кешірімді қабылдап, келтірілген шығынды материалдық өтеуден толығымен бас тартты", - деді адвокат.
Айта кетейік, оқиға 2024 жылы 26 маусымда Алматыда болды.